Құрманғазы ауданындағы 2012-2013 жылдар аралығында Байда және Шортанбай ауылдарындағы 200 миллион теңгедей бюджет қаржысына салынған екі спорт кешені пайдалануға әлі берілмей тұр. Су, газ, электр қуатын қосуға рұқсат жоқ.
- Бұл ғимараттар облыстық спорт кешені балансына тапсырылуы тиіс еді, - дейді Құрманғазы аудандық спорт бөлімінің басшысы Алмас МҰҚАШЕВ. – Бірақ, өткен айда жергілікті спорт кешендері аудандық спорт бөліміне берілуі қажет деген жаңа қаулы шықты. Сондықтан Байда мен Шортанбайдағы спорт кешендерін бізге беру жөнінде облыс әкімінің өкімін күтіп отырмыз.
Су, газ, электр қуатын қосуға рұқсат беру жұмыстарын мердігер мекемелер атқаруы тиіс (бас мердігер - «Мұнайқұрылыс» ЖШС).
- Біз спорт кешендеріне бөлінген қаржының 10 пайызын мердігерге су, газ, электр қуатын қосуға рұқсат алғаннан кейін аударамыз, - дейді Құрманғазы ауданы әкімі Бибоз ШАЯХМЕТОВ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА