Атырауға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының шақыртуымен WBA (Super), IBO, IBF және WBC нұсқалары бойынша орташа салмақтағы әлем чемпионы 34 жастағы қазақстандық боксшы Геннадий ГОЛОВКИН келді. Атақты спортшы журналистермен баспасөз конференциясын өткізді. Жергілікті жас боксшылармен мастер-класс өткізіп, бүгінгі «Атырау-Тобыл» футбол матчына бару жоспарында бар.
Сұрақтардың біріне жауап бере отырып, Головкин неліктен Қарағандыдағы жаңа көмір байыту кәсіпорны құрылтайшыларының бірі атанғанын әңгімеледі. Боксшыдан басқа, кәсіпорынға Қарағанды облысының кәсіпкерлері, сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры инвестиция салған
– Біріншіден, мен тапқан табысымды Қазақстан экономикасына инвестициялауым дұрыс деп есептеймін. Екіншіден, ол жерде 150 жұмыс орны құрылады. Жалпы көмір өнеркәсібі кездейсоқ таңдалған жоқ - әкем 35 жыл бойына шахтада еңбек етті. Сондықтан бұл бағыт маған да, отбасымызға да жақын, - деді ол.
Головкиннің айтуынша, оның Астанада бокс кешін ұйымдастырсам деген үлкен қалауы бар екен:
– Өйткені, кәсіби бокс әуесқой бокстан ерекшеленеді. Адамдар айырмашылығы неде екенін жақсы білсе екен деймін. Қазақстан жерінде танымал кәсіпқойлардың қатысуымен бокс кешін өткізу қажет және дұрыс деп есептеймін. Егер бәрі жақсы өтсе, онда бұл спорт мерекесі келесі жылы ЭКСПО-2017 қарсаңында өткізіледі.
Сонымен қатар, біздің чемпионның келесі жекпе-жекте кіммен кездесетіндігі туралы сұрақ қойылды.
- Әзірге бұл мәселе талқылануда, ешқандай келісімшарттарға қол қойылған жоқ. Алайда жекпе-жек Лондонда өтеді, ал қарсыласым WBA нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы 26 жастағы Крис ЮБЕНК болады деп күтілуде, - деп жауап берді Головкин.
Геннадийден «патриоттық ниетпен әуесқой спортқа оралуға әзірсіз бе?» деп сұрады. Ол:
– Менің әуесқойлық бокстағы тізімім өте көп – 350-дей жекпе-жек өткіздім. Кәсіби бокста үлкен биіктіктерге қол жеткізіп, содан соң артқа қарай, әуесқой боксқа қадам басуым дұрыс болмас еді деп санаймын. Оның үстіне, менің белгілі бір міндеттемелерім бар. Сондықтан мұндай мүмкіндіктер жоқ. Әрине, ұлттық құрама қатарында құлшына өнер көрсетер едім, алайда көп нәрсе маған байланысты бола бермейді.
Атырау боксшыларының болашағы туралы:
– Қазіргі кезде тек Атырауда ғана емес, басқа қалаларда орасан зор жұмыстар атқарылғанын, балаларды дамыту үшін көп нәрселер жасалғанын атап өткім келеді. Мамандар бар, қолдау бар. Бірақ спортшылар жан-тәнімен берілу деген түсінік туралы ұмытпаулары тиіс. Бұл бірінші кезекте. Бәрі бірдей екенін білесіздер ғой. Тек біреулер жұмысына дұрыс ден қойып, жауапкершілікпен қарайды. Тек осылайша ғана жетістікке жетуге болады. Бұл тек бокста ғана емес, спорттың кез-келген түрінде осылай.
Бүгін кешкісін АМУ-дің «Жайық» спорт кешенінде Головкин жас спортшылармен кездеседі. Олардың көпшілігі спортшыны пір тұтып қана қоймай, оған ұқсауға тырысады.
– Мен міндетті түрде мастер-класс өткізіп, балаларға білетінімнің бәрін айтамын, барлық сұрақтарына жауап беремін. Жас боксшыларды қай кезде де қолдаймын, олар дұрыс жолмен жүріп, үлкен биіктіктерді бағындырса екен деймін, - деп сөзін түйіндеді Головкин.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті және бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН