Балалық шақта жаңа достармен бірге суға шомылып, экскурсияға шығып, кешкі дискотекаларға барып, лагерьде демалғаннан артық не бар?! «Ембімұнайгаз» компаниясының арқасында Атырау облысындағы әлеуметтік осал топтарға жататын 300 оқушы өз армандарын жүзеге асырып, жасыл-желекті «Машат» шатқалындағы сауықтыру лагерінде демалды.
«Ембімұнайгаз» АҚ Демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы бойынша Атырау облысы аудандарындағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың 300-ге тарта баласы Шымкенттегі «Машат-Арасан» сауықтыру лагерінде жазғы демалыстарын өткізіп қайтты. Тау жылғалары мен жасыл желекке бөленген бұл жердің ауасы өте таза. Жергілікті тұрғындар, лагерьді мекендеушілер суды әр аулада бұрғыланған артезиан ұңғымаларынан алып ішеді. Лагерь бассейніндегі су жаңа сауған сүт секілді күн көзімен жылынады, ал кеш болса тау жылғаларынан салқын самал есіп тұрады.
Лагерь директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрғазы АЛБАЕВТЫҢ айтуынша, атыраулық балалардың демалысы минуттармен кестеленген. Таңертеңнен бастап – ұйқыдан тұрып, жаттығады, таңғы астан кейін – су процедураларын алып, спортпен айналысады. Түстен кейін – ұйықтайды және өзін-өзі тану, шығармашылық және қызығушылық сабақтары өткізіледі. Кешкісін, кешкі астан кейін лагерьдің жалпы шаралары – дискотекалар мен командалар арасында түрлі байқаулар ұйымдастырылады.
- Оқытушылар мен тәрбиешілердің барлығы – негізінен Түлкібас ауданының мектеп-гимназиялары мен мектептерінің жоғары санатты мұғалімдері. Басқалар секілді атыраулық балалар да лагерьге келген алғашқы күндері үйлерін сағынды, балалардың жартысы бассейндерге барудан бас тартты. Бізде бассейн екеу - орта жастағы және одан жоғары жастағы балаларға арналған. Бірақ әдеттегідей, балалар тез бейімделіп кетті, енді оларды бассейннен қуып шығара алмайсың (күлді). Бірер күннен кейін балалар лагерь өміріне қуана қатыса бастады. Бұл жерде өмір қайнап жатыр. Атыраудан келгендер арасында жеңіл дәрежедегі Балалардың церебралды сал ауруына шалдыққан бала бар. Бірақ ол сырқатына қарамастан, бүкіл шараларға, соның ішінде спорттық шараларға қатысты, - деп әңгімелейді Н.Албаев.
Дегенмен, «Машат-Арасанда» тек демалысқа ғана емес, өз қамқорлығындағылардың денсаулығына да көңіл бөледі.
- Атырау облысынан келген балалардың медициналық анықтамаларына жасалған талдау көрсетіп отырғандай, көпшілігінде қалқанша безге, қаназдыққа, иммунитеттің әлсіздігіне, асқазан-ішек ауруларына қатысты проблемалар көп. Сондықтан, күн сайын балалар медициналық көрсетілімдер бойынша емдік шөптердің қайнатындысын, оттегі коктейлін, поливитаминдер қабылдайды. Балалардың көпшілігінде 2-3 келіге салмақ қосу байқалады, - деп әңгімелейді лагерьдің педиатр дәрігері Нәбира ӘУБӘКІРОВА.
- Мен келесі жылы да осы лагерьге қуана келер едім. Әсіресе, маған музыка сабағы, Шымкентке экскурсия жасау, бақтар мен зообақтарға барғанымыз ұнады. Жасы үлкендеу балалар Түркістанға барды, - деп алған әсерімен бөлісті Атырау облысы Құлсары қаласының №21 мектебінің оқушысы 12 жастағы Альбина ТӘЖІКОВА. Альбинаның отбасында үш бала бар, оларды анасының бір өзі тәрбиелеуде.
- Алғашқы күндері үйімізді қатты сағындық, ал енді кеткіміз келмейді. Бізде мұнда бос уақыт жоқ, спортпен айналысамыз, түрлі шығармашылық тапсырмаларды орындаймыз, - деді Альбина. Қосшағыл поселкесіндегі №2 мектептен Әлия САБЫРОВА мен Атырау қаласы Жұмыскер-2 ықшамауданының тұрғыны Гүлназ ЖОЛДАСОВА құрбыларының сөзін қостай кетті.
- Үздік сәнді киім үлгілеріне арналған және би, театральды көріністер байқауларына қатысамыз. Жауынды ауа райында ғимарат ішінде болып, сурет салу, ән айту шараларын ұйымдастырамыз.
- Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің негізін салушы «Ембімұнайгаз» АҚ балаларға үнемі ерекше көңіл бөліп отырады. Компания басшылығы атынан бас директордың бірінші орынбасары Құрманғазы Орынғазыұлы ЕСҚАЗИЕВ пен Басқарманың бүкіл мүшелері әлеуметтік осал топтарынан шыққан оқушыларды толыққанды демалып, жаңа оқу жылында күш жинап келу үшін Шымкенттегі лагерьге жіберу ұсынысын бірауыздан қолдады. Егер қазақстандық мұнай өткізілімінің аз ғана бөлігі ғана тұрақты негізде балаларымыздың денсаулығы мен біліміне жұмсалып отырса, Қазақстанды жарқын болашақ күтер еді, - деді салтанатты шара барысында Компанияның әлеуметтік саясат департаментінің директоры Қуандық ҚАЛИДУЛЛИН.