Кәсіби мереке қарсаңында (28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні) Атырау қаласының Ұлттық баспасөз клубында Журналистер одағы облыстағы үздік БАҚ қызметкерлерін өз марапаттарымен марапаттады.
ҚР Журналистер одағы «Ақ Жайық» газетінің тілшісі Зульфия БАЙНЕКЕЕВАНЫ Қазақстанның үздік репортері деп таныды. Сонымен қатар, Журналистер одағы облыстық филиалының басшысы Қуандық БАТЫРОВ түрлі номинация бойынша облысымыздағы үздік баспасөз қызметкерлерін марапаттады: Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ (облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы) «Үздік редактор»; Арыстанбек КЕНЖЕ («Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі) үздік тележурналист; Айбек ӨТЕМІСОВ («Қазақстан-Атырау» телеарнасының телеоператоры) үздік телеоператор, Әліби ОСПАНОВ («Ақ Жайық» ЖШС баспаханасының баспашысы) үздік полиграфист деп танылды.
ҚР Журналистер одағының Құрмет грамоталарымен: журналистика ардагері Қонаш ҚАЛДЫОРАЗОВ, директордың орынбасары - «Қазақстан-Атырау» телеарнасының бас редакторы Жанар БАЙСЕМІЗОВА, «Атырау» газетінің тілшісі Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА, «Ақ Жайық» газетінің тілшілері Гүлжанат ИСАБАЕВА және Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ, «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Виктор СУТЯГИН, «Теңізшевройл жаңалыктары» газетінің редакторы Георгий ТРУХИН, «Атырау ақпарат» ЖШС баспаханасының директоры Ермек БИҒАЛИ марапатталды.
Құрманғазыдағы «Серпер» аудандық газетінің редакторы Таңатар ДАРЕЛОВ«Қазақстанның Құрметті журналисі» атағын, сіңірген еңбегі үшін және 70 жылдығына байланысты Қуандық БАТЫРОВ ҚР Журналистер одағының алтын медалін иеленді.
ҚР Журналистер Одағы Атырау филиалының және облыстық біріккен кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталарымен жемісті еңбектері үшін түрлі БАҚ өкілдерінен 25 қызметкер марапатталды.
Ұлттық баспасөз клубында бұл күні танымал атыраулық фотожурналисттер Олег СВИДИН мен Алпамыс ТЕМІРОВТІ еске алу экспозициясы ұйымдастырылды.
Марат ТАКУЛИН
Суретті және бейнежазбаны түсірген автор