Атырау, 28 қараша 21:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Су қымбаттайды

Сурет
3 270 просмотра

Сумен қамтушы «ИндерСу» КМК сумен қамту және канализация қызметтерінің тарифін өсіруді ұсынды. Индербор поселкесінің тұрғындары бұған наразы.

ТАРЫҚТЫРҒАН ТАРИФ

Ауыз су проблемасы поселкеде 20 жылдан бері шешімін таба алмай келеді. Осы жылдар ішінде сумен қамтушы бес мекеме банкрот болса, поселкені сумен қамтып, ең ұзақ қызмет көрсеткен «ИнтехЖайық» ЖШС табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің 2016 жылы 6 ақпандағы бұйрығымен мемлекеттік тіркелімнен шығарылып, сумен қамтуды тоқтатты. Кейін индерліктерді ауыз сумен қамтуды «ИндерСу» КМК өз міндетіне алған болатын. Жұмыс жасағанына төрт ай болған КМК су тарифін көтеруді ұсынды.

Тариф бағаларына көз жүгіртейік: жеке тұлғалар үшін 1 текше метр су тарифін 79 теңгеден 510 теңгеге, канализация қызметін 1 текше метр үшін 34 теңгеден 1 002 теңгеге; заңды тұлғалар үшін суға тарифін 240 теңгеден 1 922 теңгеге, канализация қызметін 150 теңгеден 1 804 теңгеге (барлығы да ҚҚС-сыз көрсетілген) өсіру жобасы белгіленген. Әрине, тарифтің осыншама есе өсуі поселке тұрғындарын қуанта қоймайтыны анық.

- Біріншіден, тұтынып отырған суымыз таза емес. Бұл туралы Индер тұрғындары талай рет шағымданды. Екіншіден, жаз басталғалы суды сағаттап беріп отыр. Бұл жерде тарифті не деп көтермекші? Ал, суды бірнеше шақырым жерден құбыр арқылы тұтынатын Жылыой, Исатай аудандарында, тіпті, қаланың өзінде мұндай баға жоқ, - дейді аудандық мәслихаттың депутаты Әлия ҚАРАШИНА (суретте).

Индер аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Мырзабек ТАСЫБАЕВТЫҢ айтуынша, су мен канализация тарифтерінің өсуіне жергілікті кәсіпкерлер де қарсы. Олар қарсылық білдіріп, палатаға шағым түсіріпті. Ал, палата оны аудандық прокуратураға жолдаған.

- Егер де Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті жаңа тариф жүйесін мақұлдаса, Индербор тұрғындарының жағдайы қиын болғалы тұр, - дейді Тасыбаев.

Поселкеде екі су тазарту қондырғысы бар - біреуі ескі, екіншісі жаңа. Су тарифін көтеру жобасы талқыға салынған тыңдауда «ИндерСу» КМК басшысы мекеменің шығыны көп екенін айтып отыр.

- Мен «ИндерСу» КМК-нің тыңдауына қатыстым, олар шығындарының көп екенін айтады. Бірақ неге олар шығындарды халықтың есебінен өтемек? Мен кәсіпкермін, 50-ге жуық дүкенді нанмен қамтып отырмын. Су қымбаттаса, нан бағасын да өсіруге тура келеді немесе кәсібімді тоқтатуға мәжбүр боламын, - дейді кәсіпкер Азамат БАЙМҰХАНҰЛЫ.

ШЫҒЫНЫ КӨП СУ ТАЗАРТУ ҚОНДЫРҒЫСЫ

Шалқар АЛМҰРЗИЕВБүгінде «ИндерСу» КМК-мен 2 772 үй келісімшартқа отырса, олардың 90 пайыздан астамы су, канализация төлемақысын уақытылы төлеп отыр екен. Бұдан бөлек, 50 мекеме, 96 кәсіпкер су тұтынады.

- Маусымға дейін шығынымыз 14,6 млн теңге болса, кіріс 8,8 млн теңгені құрады. 5,8 млн теңгенің үстінде шығынымыз бар. Оның 2 млн теңгесі электр қуатына бережақ, мамырдың жалақысы тағы бар. КМК құрылғанға дейін бір текше метр су 79 теңге болды, оның 49 теңгесіне субсидия беріліп, халық тек 30 теңгесін төлеп келді. КМК құрылғаннан кейін субсидия алынып тасталды, біз халықтан толық көлемде 79 теңгеден алып келдік. Енді шығындарды жабу үшін тарифті көтеру қажет болды. Үш рет қоғамдық тыңдалым өтіп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді, көпшілігі қолдады, әрине, қарсылық танытушылар да бар, - дейді «ИндерСу» КМК директоры Шалқар АЛМУРЗИЕВ.

- Сонда шығындарды тұтынушылардың есебінен жаппақсыздар ма? Ал, басқа жолдарын қарастырып көрмедіңіздер ме?

- Сенімгерлік басқаруда түрлі маркалы 12 техника бар. Кейбірі он жыл бұрын сатып алынған, оларды ауыстыру қажет. Егер жаңа тариф қолданысқа енсе, біз есептеп көрдік, шығындар толық жабылады. Жылына 30 млн теңге таза табыс табар едік. Кейбір жобаларымыз жүзеге асар еді, қуат көзін үнемдейтін құрал-жабдық, т.б. сатып алар едік.

- Бүгінде поселкеде екі су тазарту қондырғысы бар. Оның бірі 1972 жылғы, ескі. Екеуін де іске қосудың қажеттілігі бар ма?..

- Ескі су тазарту қондырғысын қазір пайдаланып отырған жоқпыз. Жаңа су тазарту қондырғысы арқылы су беріп отырмыз. Ескісі тек баланста тұр.

- Ескісі пайдаланылмаса, неге баланстан алып тастауға әрекет жасалмайды, бұл да шығын ғой...

- Ол жазда су тапшылығы болған кезде керек болады.

Мырзабек ТАСЫБАЕВ- Жаңа тариф жүйесі мақұлданбаған жағдайда не істейсіздер?

- Онда өзін-өзі ақтамайтын жұмысты жасау мүмкін емес.

Аудан кәсіпкерлерінің пікірінше, сумен қамту қызметін жеке кәсіпкерлерге тапсыру керек.

- СТҚ-ын мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға беру керек. Поселкеде сумен қамту саласына қызығушылық танытып отырған жеке кәсіпкерлер бар, - деді аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры М. Тасыбаев.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

23 маусым 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.