Атырау, 27 қараша 03:19
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Еуро-2016: Есіктен кіріп, төр сұраған мықтылар

2 304 просмотра

Фото: championat.com В тобы топтық турнирді қызық нәтижемен аяқтады. Топтың фавориті делінген Англия екінші орында қалып, Уэльс құрамасы 6 ұпаймен көш бастады,- деп хабарлады Bnews.kz.

Соңғы турда Уэльс Ресейді 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Тығырыққа тіреліп, турнирдегі тағдыры осы ойынға тікелей тіреліп тұрса да, ресейліктер қарсыласына түк істей алған жоқ. Алғашқы 20 минутта екі гол жіберіп алған соң, Леонид Слуцкийді шәкірттері «тағдыр тауқыметіне» тікелей көнгендей болды. Әуелгісінде Джо Аллен өте жылдам қарсы шабуылда Аарон Ремзидің аяғына допты әдемі салып беріп, Акинфеевпен бетпе-бет шығарды. Ал екінші голда Нил Тейлордың бір емес, екі соққы жасауына мүмкіндік берген Ресей қорғанысы тікелей кінәлі. Гарет Бейл 67 минутта сол аяғымен ойын жағдайында гол соғып, турнирдің қазіргі бас мергендерінің көшін бастады. Бейл үш қарсыласының қақпасын да дәл көздеді.

Ресей құрамасы болса... қашанғы әдетінше турнирді тәуір бастап, нәтижесінде топтан да шыға алмай еліне қайтты. 2012 жылы алғашқы матчта Чехияны 4:1 есебімен ұтып, топтан шыға алмап еді. Бұл жолы бірінші ойында Англиямен есепті теңестіріп, ұпай тартып алғаны түк пайда берген жоқ. «Тау толғатып тышқан тапты» дей ме халық мұндайда?.. «Біз халықтың сенімін ақтай алмағанымызға өкінеміз» дейді Л.Слуцкий.

Екінші матчта Англия мен Словакия 0:0 есебімен тең ойнады. Қос құрамаға да келесі кезеңге шығу үшін жалғыз ұпай жеткілікті болатын. Дегенмен Англия жеңіске жету үшін барын салды. Топтан дара шығу оларға да аса қажет қой. 1/8 финалда өзге топтың ортақол командасымен ойнау мүмкін болар еді. Алайда словактардың қақпашысы Матуш Козачик алынбас қамал бола алды. Ол Старридждің, Вардидің, Лаллананың, Аллидің жақын жерден жасаған соққыларын керемет қайтарды. Шкртел, Мак сияқты ойыншылар неше рет дәрігер көмегіне жүгінсе де, алаңға оралып, Словакия үшін аса қажет тең нәтижені сақтап қала алды.

Сөйтіп, бұл топта турнир дебютанттары ерлік көрсетті. Уэльс 6 ұпаймен алда тұрса, Англия 5 ұпаймен екінші, ал словактар 4 ұпаймен басқа топтардың қорытындысын күтеді. Словакия құрамасының келесі кезеңге шығатынына сенім зор. Мысалы, А тобында ІІІ орын алған Албания құрамасының 3 ұпайы ғана бар. Өзге топтарда да олармен тағдырластар жоқ емес. Сондықтан Козак шәкірттері плей-оффтан үмітін үзбеуге тиіс.

Ресей – Уэльс – 0:3 (Ремзи, 11, Н.Тейлор, 20, Бейл, 67)

Словакия – Англия – 0:0

Дереккөз: Вnews.kz

21 маусым 2016, 10:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.