«Мұнайшы» стадионы жанындағы апта сайынғы жәрмеңке енді 31 желтоқсанға дейін күн сайын ұйымдастырылатын болады. Бірақ ол қанша уақытқа жалғасатыны әзірге белгісіз.
Бұл туралы 26 желтоқсанда облыстық әкімдікте азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағдарламасы бойынша өткен кезекті мәжілісте айтылды.
- Жаңа жылға дейін 5 күн қалды, басқа сауда нүктелерінде бағаның көтерілуіне жол бермеу үшін жәрмеңкені енді жаңа жылға дейін күн сайын ұйымдастырыңыздар. Күні бойына сауда жүргізу міндетті емес, тек түске дейін ғана ұйымдастыруға болады,-деді баяндама жасаған облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы Сырым РЫСҚАЛИЕВКЕ облыс әкімінің орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ. Ол онымен келісті.
С.Рысқалиев хабарлағандай, бүгінгі таңда төменгі бағамен азық-түліктер облыс орталығындағы 13 дүкенде сатылады. Оның ішінде таяуда ғана ашылған сауда нүктелері: Балықшыдағы «Атаба», Нұрсая мөлтек ауданындағы «Лидер», «Лимон» СҮ «Атаба» (теміржол вокзалы) және «Өнерпаз» тұрмыстық үйіндегі супермаркеттер де бар. Бұдан басқа, арзан азық-түліктер 4 базардағы арнайы белгіленіп берілген жерлерде сатылады. Дәукенов сауда нүктелерінің санын 20-ға дейін көбейтуге тапсырма берді, сондай-ақ, «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация жеткізіп берушілерінен бірыңғай бағамен сатып алынған азық-түлік бағаларының бірқатар аудандарда тиісті сату бағасынан 10-15 теңгеге жоғары екендігін атап өтті.
«Атырау» ӘКК-ның бекітілген бағалар анықтамалығына сәйкес, 1 келі азық-түлік құны: картоп – 63 теңге, сәбіз – 65, жуа – 63, орамжапырақ – 60, қызылша – 63, сары май – 300, қарақұмық – 220, арпа – 75, сұлы – 108, өсімдік майы – 297, жұмыртқа – 170 он данасы үшін, күріш – 120, макарон – 110 теңгеден болуы тиіс.
Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы азық-түлік өнімдерінің бағдарлама аясында 1,5-2 айға жетерлік қормен сатып алынғандығын мәлімдеді.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Сурет "АЖ" мұрағатынан алынды