Бүгін, 19 маусымда Атырауда бастамашыл топ белсенділері тергеу изоляторында сотты күтіп жатқан қоғамдық белсенділер Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯНДЫ қолдау үшін облыстық әкімдік ғимаратының алдына флэш-мобқа жиналды. Естеріңізге салсақ, олар сәуірдегі «жер» митингісінен кейін қамауға алынған еді. Оларға 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын ҚК-тің 179-бабы («Билікті күштеп басып алуды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру») және 272-бабы («Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру») бойынша айыптар тағып отыр.
Жиналғандардың барлығының қолдарында түрлі-түсті шарлар болды.
- Біздің мақсатымыз –қамауға алынған жігіттерді қолдау, - дейді бастамашыл топ мүшесі Шаттық ТАЖКЕНОВА. – Сонымен қатар, біздің топта халықаралық байланыс жөніндегі жауапты адам бар. Қазір біз шетелде жүрген қазақстандықтарға ақпарат таратудамыз. Мұндай қолдау акциялары басқа да елдерде өткізіледі.
Бұл жерде Макс Боқаевтың әпкесі Ақмарал да бар.
- Ініңіздің едәуір сырқаты бар дедіңіз. Оның қазіргі жағдайы қандай?
- Жалпы жаман емес. Мен онымен кездесуде болдым. Әрине, ол жүдеп кеткен, бірақ өзін жақсы ұстап жүр. Қамау барлық нормаларға сай келеді - аптасына бір рет серуендетеді, тамағы да жарамды дейді.
- Оған және Талғат Аянға тағылып отырған айыптаулар туалы ол не айтады?
- Олар өз айтқандарынан айымайды, заң алдында ар-ұжданымыз таза дейді. Олар ондай ештеңеге дайындалған жоқ, тіпті жоспарламады да. Макс мұндай айыптаулардың жаға ұстататындығын айтады.
- Оларға қарсы Тоқтар Төлешовпен байланыстары болды деген секілді айыптар тағылған жоқ па?
- Жоқ. Әзірге ондай жоқ. Макс пен Талғат оқшаулау орнында отырғандықтан, олар соңғы жаңалықтар мен оқиғалардан мүлдем бейхабар.
- Жауап беру кезінде оларға қандай да болмасын қысым болмаған ба?
- Макс ондай туралы өз адвокатына айтқан емес.
Бастамашыл топ мүшелері «Макс Боқаев пен Талғат Аянға бостандық!» деп ұрандатып, көкке әуе шарларын ұшырды. Содан кейін топ Сәтпаев даңғылынан Исатай мен Махамбет даңғылына қарай қозғалып, сол жерде олардың акциясы аяқталды. Жол бойында олар өтіп бара жатқан адамдарға әуе шарларын таратты.
Құқық қорғаушы Әсел НҰРҒАЗИЕВА топ жоспарымен бөлісті:
- Азаматтық белсенділерді ұстау басталғанда, оларға заң көмегін көрсететін мобильді топ құрылды. Енді белсенділер едәуір көбейді. Қазір біздің бастамашыл топ қоғамдық бірлестік құруды жоспарлап отыр. Келесі аптада «Бостандық. Заң. Әділдік» ҚБ жарғысын бекітетін боламыз. Соңғы оқиғалар тұрғысында құқық алаңында қамауға алынғандардың құқығын, сөз еркіндігін қорғайтын ұйым құратын уақыт жетті. Бұл тек қоғамдық белсенділерге ғана емес, журналистерге, кәсіпкерлерге де қатысты болады.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор
Бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН