Атырау, 28 қараша 21:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Адамдар арасында бруцеллез шығып жатыр

4 010 просмотра

Индер ауданында адамдар арасында бруцеллез ауруын жұқтыру оқиғалары тіркелді. Статистика соңғы екі жылда бруцеллез жұқтырған адамдар санының көбейгенін көрсетіп отыр.

2010-2014 жылдар арасында бруцеллез жұқтырған 9 адам тіркелген болатын. Ал, соңғы екі жылда 20 шақты адам бруцеллез жұқтырған.

Өткен жылы аудан бойынша 33 адам бруцеллез ауруына күдікті деп танылып, медициналық тексеру қорытындысымен 12 адамның бруцеллез жұқтырғаны анықталып, емделген.

Биыл аудандық ауруханада 18 адам бруцеллезге күдікті ретінде дәрігерлік бақылауға алынған. Олардың ішінде 8 адамнан қой-ешкі бруцеллезінің қоздырғышы табылған.

Қазір облыс бойынша Индер ауданы бруцеллез жұқтыру оқиғасы бойынша Қызылқоға ауданынан кейін екінші орында тұр.

Есбол ауылының тұрғыны Гаухар СИҒУАТОВА:

- 14 жастағы ұлым Әли қызуы көтеріліп, бір аяғын баса алмай қатты сырқаттанып қалғанда дәрігерлерге көрсеттім. Олар ұлымнан қан сынамасын алып, зертханаға тексеруге жіберді. Сынама қорытындысы бруцеллезге оң нәтиже беріп, ұлымның осы ауруды жұқтырғаны анықталды. Ұлымды Астрахандағы дәрігерлерге тексерттім, олар ұлыма созылмалы ревматизм деген диагноз қойып берді. Енді ұлымды сонда емдетпекпін.

Индербор поселкесінде тұратын Қалжан ҚЫРАУБАЕВА:

- Мен Ақтөбеге қонаққа барғанда қызулап қалдым. Қан қысымым жоғары болғасын жыл сайын ауруханада жатып ем аламын. Сондай бір кезекті ем алу кезінде ауруханада менен қан сынамасы алынды. Ертесіне қанымда өзгеріс бар екенін айтты. Сөйтіп қой бруцеллезі диагнозын қойды. Мен бұған сенбедім. Өйткені, қорамыздағы жалғыз сиыр бруцеллез болып шыққанмен, қойымыз жоқ болатын. Мен емделуден бас тарттым, себебі, антибиотикке реакциям бар болатын. «Олимп» диагностикалық зертханасында қосымша қан тапсырдым. Олар бруцеллез ауруы жоқ деген анализ қорытындысын берді. Одан бері екі ай өтті, менің саулығым жақсы.

Индер аудандық тұтынушылар қоғамының басшысы Шолпан ЕРЖАНОВА орын алған жағдайға қатысты былай деп комментарий берді:

- Біз дертке шалдыққан науқастармен сөйлескенде түрлі жағдайларды анықтап отырмыз. Бұл аурудың таралу себептері көп. Бруцеллез адамнан адамға жұқпайды, малдан адамға жұғады. Адамға бруцеллез ауруы ет, сүт өнімдерінен де жұғуы мүмкін. Кейбір дүкендерде ет, сүт өнімдері тексерілместен сатылып жатыр.

- Ауласында мал ұстамайтындар да бұл аурудан сақтанбаған дейсіз ғой…

- Ауласында мал жоқтар ет, сүт өнімдерін дүкеннен сатып алады, кейбіріне ағайын-тумалары беріп жібереді. Сондықтан, сақтықта қорлық жоқ. Мүмкін, сүт алып отырған көршісінің малы бруцеллезбен ауыратын шығар, кім біледі? Осының бәрін ескеру керек.

Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Сатыбалды ОРАЗҒАЛИЕВТЫҢ ақпаратына сәйкес, ауданда он бас қой мен ешкіден бруцеллезге оң әсер берушілік анықталып отыр.

- Қазір малды тексерістен өткізу жұмыстары жүріп жатыр. Күні бүгінде аудандағы уақ жандықпен қоса ірі қара, түйеден он бір айдың ішінде қан алып болуымыз қажет, - дейді ауданның бас ветеринары.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

16 маусым 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.