Атырау, 28 сәуір 22:16
 ашықВ Атырау +15
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

«Алтын адамды» тапқан танымал археолог өмірден озды

3 870 просмотра

Фото: Тengrinews.kzКүні кеше қазақстандық ғалым, танымал археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетов өмірден озды. Бұл туралы оның ұлдары өздерінің Facebook парақшасына жазған, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Кеше, маусымның 12-сі күні сағат 23:30-да менің әкем – Найман руының Матай тармағынан шыққан археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетов өзінің соңғы «экспедициясына» аттанып, ата-бабалар рухымен қауышты. Иманды болсын!», - деп жазды Арман мен Мирас.

Бекмұханбет Нұрмұханбетов Алматы облысы Ақсу ауданы Еңбек аулында дүниеге келген. Армияда әскери борышын өтеп келгеннен кейін Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқыды. 1969 жылы Есік қорғаны маңайындағы қазба жұмыстары кезінде жас археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетов және оның ғылыми жетекшісі Кемал Ақышев «Алтын адамды» тапқан болатын.

Б.Нұрмұханбетов осы экспедицияны былай деп еске алған: «Кеңес одағы кезінде кез келген құрылыс нысанын жүргізбес бұрын, ол жерге археологиялық барлау жасалатын. 1963 жылы Есік көлі тасып, маңындағы ауылды шайып кеткен кезде сол жердегі автобекет те тасқын астында қалған екен. Осы автобекетті қайта салу үшін құрылыс орнына барлау жасалды. Сол жерде 4-5 оба бар екен. Көп ұзамай 1969 жылы Кемал Ақышевтің тапсырмасымен Айтбек Амандықов екеуміз зерттеу жұмыстарын бастадық. Алғашында қорғанның тұтас аумағын қоршап, тең жартысын қаздық, онымыздан түк шықпады. Бір жылдан кейін қазба жұмыстарын қайта жалғастырдық. Айлар бойы айтарлықтай ештеңе таппағанымызға қынжылдым. Бірақ түйсігімнің түбінде бір ой мені осы жерден жібермей тұрғандай сезімде болдым. Әбден кетуге айналғанымызда бульдозермен тағы бір түрткіздік. Осы заматта бульдозердің тұмсығы бөренеге тірелді. Бұл оба екі құдықтан сәл қиыс шетте, үлкен қорғанның бір жақ жанында жатыр екен. Ары қарай күрекпен арши бастадық. Алдымен ағашпен қапталған обаның сыртын түгел тазаладық, кейін бөренелердің төбесін аштық. Обаны жасағанда бөренелерді жымдастырып, қиюластырып бекіткен екен. Биіктігі 1,5 метр. Алдымен сол ағашпен қапталған табытты тазалап шықтық. Обаны ашпас бұрын мән-жайды Кемал Ақышевке айтып, ол кісі бастаған археологиялық топ жұмысты ары қарай жалғасытрды. Топ құрамында археолог Александр Степанович, ең алғашқы көшірмесін жасаған реставраторлар, Владимир Садамсков, фотограф Олег Медведов, суретші Тамара Воробьева мен ҚазҰУ студенті Әлішер Ақышев болған еді . Содан кейінгі жұмысты Кемал Ақышев қолына алды. Ол Шығыс Германиядан Есік қорғаны жайлы альбом шығарып, әлем жұртшылығының назарын Қазақстанға аударды. Үш жыл бойы еңбектеніп, Алтын адамның алғашқы макетін макетін жасатты».

Осы ғылыми жаңалықтан кейін Есік қорғаны бүкіл әлемге танылды. «Алтын адам» болса, Тәуелсіз Қазақстанның символына айналды.

Дереккөз: Baq.kz

13 маусым 2016, 14:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.