Атырау, 28 қараша 23:41
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Төзімділік трассасы

2 393 просмотра

Image 0Атырау-Орал республикалық тас жолының Батыс Қазақстан облысымен шектесіп жатқан бөлігі жүк көліктері ағымының көп болуынан жыл сайын жөнделеді. Көлік жүргізушілері үшін бұл трасса – нағыз сынақтың өзі.

Оралдан Атырау жаққа бағытталған ауыр жүкті транзиттік көліктердің көпшілігіне ойлы-шұңқырлы жерлерді айналып өту үшін жаңа Индер-Атырау трассасымен Индербор поселкесіне кіретін көпір арқылы көшелерді қақ жарып өтуге тура келген еді. Бірақ Индербор тұрғындары поселке арқылы жүретін ауыр жүк көліктеріне шектеу қойылуын талап еткен болатын. Дегендеріне жетті.

- Бізге транзиттік көліктердің жүруіне тыйым салуға қол жеткізбес бұрын бірнеше рет рейд жүргізуге тура келді, - дейді Индер аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Абзал РАМАЗАНОВ. – Бірнеше жүргізушіге айыппұлдар салынды. Енді транзиттік жүк көліктері поселкеге кірмейтін болды.

«Қазавтожол» ҰК Атыраудағы филиал директорның орынбасары Аслан ДҮЙСЕНОВТЫҢ ақпараты бойынша, Атырау-Орал трассасы жаңартылғаннан бері 11 жыл өткен, сондықтан ойық-шұңқырлар сияқты ақаулар орын алуда. Осы уақытқа дейін бір белдікке түсетін жүк салмағы 8 тонна деп есептелінген автомобиль жолының конструкциясы едәуір тозған.

- «Қазавтожол» ҰК АҚ Атырау облыстық филиалы «Атыраужолзертхана» РММ-нің өкілдерімен бірлесіп, техникалық зерттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр, - дейді А.Дүйсенов. – Кейін жөндеу жұмыстарын талап ететін тізімдер бойынша сұраныстар жасалады.

Биыл «БекетСатЖол» ЖШС мердігер мекемесінің күшімен 44 шақырымға орташа жөндеу жұмысы жүргізілмек. Бүгінде 1 200 текше метр шұңқыр жамалып, 3 900 текше метр болатын шұқырларды кесіп дайындау, 180 шақырым жол таңбасын салу жұмыстары атқарылды. Маусымда жол белгілерін сырлау, деформацияланған жол белгілерін жаңасына ауыстыру жоспарланып отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

9 маусым 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.