6 маусымда премьер-министр Кәрім МӘСІМОВТІҢ төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВТЫҢ Ақтөбедегі жексенбілік оқиғалар туралы баяндамасы тыңдалды. Бейнекөрсетілім Атырау облыстық әкімдігінде де болды.
Ішкі істер министрі былай деп хабарлады.
Қару-жарақ дүкені мен Ұлттық гвардияның әскери бөліміне жасалған шабуыл фактісі бойынша жедел-іздестіру шараларының және қылмыстық істі тергеу барысында келесілер анықталды.
5 маусымда сағат 14.28-де (Ақтөбе уақыты) дәстүрлі емес діни радикалдар тобы қару-жарақтарды иелену мақсатында «Паллада» қару-жарақ дүкеніне қарақшылықпен шабуыл жасады. Жедел көмек түймешесін басып үлгерген сатушыға көптеген пышақ жарақаты салынған, соның салдарынан ол көз жұмды.
Көмекке бiрiншi болып жеке күзет мекемесінің екі қызметкерi жеткен, оның бірі сол жерде қаза тапты. Ал екiншiсі оқ жарақатын алды. Сол сәтте «Паллада» дүкеніне полиция жасағы жетіп, қылмыскерлер қарулы қарсылық көрсетті. Атыс барысында үш полицей оқ жарақатын алып, ал қылмыскерлер патрульдік көлікті басып алады.
Бұл дүкеннен қылмыскерлер 17 бірлік аңшылық атыс қаруын қолды қылды. Оның үшеуі иір ойықты және 14-і тегіс ұңғылы қарулар. «Паллада» дүкеніне шабуыл жасағаннан кейін қаруланған қылмыскерлер екі топқа бөлінген.
Ұрланған патрульдік көлікке мінген алты адам басқа «Пантера» деген қару-жарақ дүкеніне қарулы шабуыл жасап, екі келушіге пышақ жарақатын салады. Олардың бірі сол жерде көз жұмып, екіншісі жараланады. «Пантера» дүкеніне келген полицей қызметкерлері атыс барысында үш қылмыскердің көзін жойды, бірі жараланып, ұсталды. Екі қылмыскер бой тасалады. Кейінірек полицейлер екеуін де қала сыртынан тауып, көздерін жойды.
Қылмыскерлердің екінші тобы дүкеннен ұрланған қару-жарақты иеленіп, маршруттық автобусты басып алып, ішіндегі жолаушыларды шығарып жіберген. Басып алынған автобуспен қылмыскерлер қару ұрлау мақсатында Ұлттық гвардияның 6655 әскери бөлімшесінің қақпасын бұзып кіреді. Олар әскери бөлімшенің аумағын баса көктеп, кезекші жасақ пен келген полиция қызметкерлеріне оқ жаудырады.
Пәрменді қарсылыққа тап болған қылмыскерлердің бір тобы тосқауылда қалады. Екінші топ әскери бөлімшенің аумағын тастап, тасалануға мәжбүр болды. Атыс барысында шабуыл жасаушылардың бірінің көзі жойылып, бірі жараланып, ұсталды. Ұлттық гвардияның әскери қызметкерлерінің үшеуі қаза болып, алтауы жараланды. Олардың бәрі қаруланбаған және ішкі режимде қызмет атқарып жүрген болатын.
Түнгi жедел-iздеу шаралары барысында полицейлерге қарсылық көрсету кезiнде тағы 7 қылмыскер жойылып, екеуi жарақат алып, ұсталды. Қылмыскерлерден ұрланған қарудың көп бөлiгi тәркiлендi. Шабуылға қатысы бар қалған қылмыскерлердің жеке бастары анықталып, оларды ұстау шаралары алынуда.
Қазiр кезде Ақтөбе облысында контртеррорлық операция режимi енгiзiлген. Ақтөбеде жағдай тұрақты және бақылауға алынған. Кәсiпорындар мен қоғамдық көлiктер қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр. Iшкi iстер органдарының барлық жеке құрамы күшейтiлген тәртiпке көшiрiлдi. ІІМ жергілікті атқарушы органдармен бірге марқұм болған және жарақат алған Ұлттық гвардияның әскери қызметкерлері мен полиция қызметкерлерінің отбасыларына көмек көрсету шараларын алуда.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ