Әйгілі боксшы Мұхаммед Әлидің денесі салынған табыт Аризона штатынан өзінің туған жері Луисвилл қаласына жеткізілді. Осынау көрініс бейнеленген видеоматериалды бүгін Reuters агенттігі жариялап отыр. «Бокс королі» жұма күні – 10 маусымда Кентукки штатында жерленеді.
Естеріңізге салайық, Мұхаммед Әли 4 маусым күні таңға жақын ауыр дерттен қайтыс болған еді. Өмірінің соңғы 30 жылын ол паркинсон ауруымен күресуге арнады. Соңғы жылдары ауруының асқынуынан сөйлеуден де қалған болатын. Дәрігерлердің айтуынша, Әлидің миы мен өзге де органдары тіршілігін тоқтатса да, жүрегі жарты сағат бойы соғып тұрған.
Мұхаммед Әли – кәсіпқой бокста аса ауыр салмақта өнер көрсеткен әлемдегі ең даңқты спортшылардың бірі. Өз заманының ең мықты боксшыларын жеңіп, өзіндік бокс стилін қалыптастырған Әлиге спорт сарапшылары мен жанкүйерлері «бокс королі» деген мәртебе берген.
Әлидің азан шақырып қойған аты Кассиус Клей болған. Кәсіпқой бокстағы алғашқы жетістіктерінен кейін ол ислам дінін қабылдап, аты-жөнін Мұхаммед Әли деп ауыстырды.
Әли 1960 жылы Римде өткен жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы. 1964-1966, 1974-1978 жылдар аралығында кәсіпқой бокстан әлемнің абсолютті чемпионы, бес рет «Жыл боксшысы» атанған. Кәсіпқой бокс рингінде 61 кездесу өткізіп, 56-да жеңіске жеткен (37-і нокаутпен).
Дереккөз: sn.kz