Фото: Еркебұлан Бәдел/Facebook
Бүгін, 3 маусым күні мотоциклмен Атыраудан Астраханға бағыт алған екі испандық саяхатшының бірі, 59 жастағы Испания азаматы Алонсо Карлос Исатай ауданы Тұщықұдық ауылының маңында жол апатына ұшырады.
- Мен Атыраудағы жұмысыма ертерек бағыт алғанмын. Таңертеңгі 7.30 шамасында Тұщықұдық ауылы жолында мотоцикль мінген жолаушы құлап жатты. Бірден көмекке ұмтылдық. Жауын жауып тұрған, сол кезде мотоциклі тайып кеткен болуы керек, - дейді оқиғаның куәсі болған Аққыстау тумасы Еркебұлан БӘДЕЛОВ.
Испан тілінде білмейтіндіктен Еркебұлан онымен ағылшын тілінде сөйлесіп, сол бойда телефон арқылы полиция мен «жедел жәрдем» шақыртты.
Саяхатшы Исатай аудандық ауруханасына жеткізілді. Бас дәрігер Орақбай МЕРЕШОВТЫҢ айтуынша, оның бір жақ аяғының балтыр сүйегі сынып, орта дәрежелі жарақат алған. Кейін оны облыстық ауруханаға жеткізді. Ал оның қасындағы серігі Астраханға жалғыз өзі кеткен.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА