Бүгін, 3 маусымда атыраулық 1 152 түлек ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарын тапсыруда.
ҰБТ АМУ-де, АтМжГИ-де, Қызылқоға мен Мақат аудандарындағы бірнеше тестілеу орталықтарында өткізілуде. Түлектер арасында ҰБТ-дан босатылған халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстардың жеңімпаздары бар. Бүгінгі талапкерлердің ішінде «Алтын белгіге» 19 үміткер және ерекше үлгідегі аттестатқа тоғыз үміткер бар.
4 маусымда Жылыой, Индер, Исатай, Құрманғазы және Махамбет аудандарының 1 302 түлегі ҰБТ тапсырады. 5 маусымда АМУ-де қала мектептерінің екінші легі (459 оқушы), ал 7 маусымда – үшінші легі (255 оқушы) тестілеуден өтеді.
ҰБТ тапсыруға барлығы Атырау облысындағы мектептердің 3 168 түлегі өтініш жазған. Олардың арасында «Алтын белгіге» 77 үміткер мен үздік аттестатқа 18 үміткер бар.
Зульфия ИСКАЛИЕВА