Доссор мен Мақатта үйлер салынады
Доссор поселкесінде НКОК компаниясының қаржылай демеушілігімен 60 пәтерлік үйдің құрылысы басталды.
Мердігер мекеме – «Капстрой» ЖШС. Қазір іргетасын құю жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа тұрғын үй осы жылы пайдаланылуға беріледі деп жоспарлануда.
- Поселкеде тұрғын үй соңғы рет он бір жыл бұрын ғана берілген еді. Мақат поселкесінде де биыл 60 пәтерлік бір үйдің құрылысы басталмақшы. Оның сметалық құжаты жасақталып, сараптамадан өтті. Енді қаражаттың бөлінуін күтіп отырмыз, - дейді Мақат аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Серік АДАМБАЕВ.
Аудан бойынша баспана сұрап, арыз бергендердің саны 946 адамға жеткен.
***
Бар жақсы - балаларға
Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылында биыл екі нысан – спорт кешені мен балабақша пайдаланылуға берілді.
Жеке кәсіпкер Бақытжан ДОСТАНОВ өз қаражаты есебінен заманауи үлгідегі «Ырыс» спорт кешенін салды. Құрылысқа 87 млн теңге қаржы жұмсалды. Спорт кешені өзі білім алған №3 мектепке тарту болды.
- Сондай-ақ, мен ауылдағы бой көтерген мешіт құрылысына да демеушілік таныттым.Ауылға мәдениет үйі керек, оның құрылысына да өз үлесімді қоссам деген ойдамын, - дейді Б.Достанов.
ТШО-ның демеушілігімен салынған 160 орындық балабақша нысаны да таяуда пайдалануға берілді.
***
«Қызыл үйде» мектеп болады
Исатай ауданына қарасты «Қызыл үй» елді мекенінде 80 орынға арналған мектеп құрылысы басталды.
Бюджеттен 357 млн теңге бөлінді. Тапсырыс беруші - облыстық құрылыс басқармасы, мердігер - «ДанаСтройСервис» ЖШС.
-Мектеп құрылысы келесі жылы бітеді деп жоспарлап отырмыз. Бұл мектепте ауыл балаларымен қоса осы маңдағы қыстақтарда тұратын малшылардың балалары да оқитын болады, - дейді Исатай ауданы әкімінің орынбасары Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА