Атырау аумақтық ветеринарлық бақылау инспекциясының басшысы Ғалымбек БИСЕНҒАЛИЕВ Махамбет ауданында үй жануарлары арасында аусыл індеті пайда болды деген қауесетті жоққа шығарды.
– Іс жүзінде ауданда мүйізді ірі қара пастереллез сырқатымен ауырды. Сәуірдің ортасында Алға селолық округінде 11 бұзаудың қырылуы тіркелді. Сәуірдің аяғында Қайыршақты селолық округінің жеке аулаларында 19 бас жас мүйізді ірі қараның жаппай қырылуы тіркелді. Мамырда Махамбет ауданынының Бейбарыс ауылының бірқатар жеке ауласынан «пастереллез» диагнозы анықталды, - дейді Ғ.Бисенғалиев.
Ұлттық ветеринарлық орталығында қырылған малдардың патологиялық материалдарын зертханалық зерттеу нәтижесі «пастреллез» диагнозын растады.
Бейбарыста «гольштин-фриз» тұқымды сауын сиырлар өсіретін «Первомайский» ЖШС агрокешені орналасқан. Бисенғалиевтың айтуынша, бұл шаруашылықта пастереллез табылмаған.
Жаппай қырылған жануарлардың барлығы инсинераторларда өртеу арқылы жойылды.
– Пастереллез таралған округтерде жергілікті әкімдердің шешімдерімен тірі мал мен мал шаруашылығы өнімдеріне әкетуге шектеу енгізілді. Бүкіл мал басына вакцина егілді. Малдың жаппай қырылуы тоқтап, бүгінде Алға селолық округінде, маусымның басында Атырау қаласындағы Қайыршақты селолық округінде шектеулерді алып тастау туралы мәселе шешілуде, – деп хабарлады Ғ.Бисенғалиев.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
«АЖ» анықтамасы:Пастереллез – сүтқоректілер мен құстардың көптеген түрлерінің сырқаты. Геморрагиялық септицемин мен пневмония белгілерімен сипатталады. Қоздырушы – Pasteurella таяқшасы. Сырқат температураның көтерілуімен, жем-шөптен бас тарту, жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйелері қызметінің бұзылуымен тез өтеді. Жануар жүрек тапшылығынан, ми мен өкпенің ісінуінен өледі. Сарысумен, антибиотикпен емделеді.