26 мамырда Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ Еуропалық одақтың Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің басшысы Траян ХРИСТЕАМЕН, сонымен қатар, Нидерландының және Литваның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері Хенри ДРИССЕРМЕН және Витаутас НАУДУЖАСПЕН кездесті.
Ноғаевтың айтуынша, облыста голландық және литвалық капиталдық үлестік қатысы бар 90 кәсіпорын тіркелген және белсенді жұмыс жасайды. Атырау облысының Еуропалық одақ елдерімен тауар айналымы 2016 жылдың қаңтар-наурызында 2 млрд-тан астам долларды құрады.
Еуропалық елдер өкілдерінің делегациясы біздің өңірімізбен ынтымақтастықты дамыту бойынша үлкен қызығушылық танытты. Атап айтқанда, олар Қашаған кенішін игеруге үлкен қызығушылық білдіріп отыр.
– Өңірде Еуропалық одаққа қатысушы елдердің қатысы өте көп. Табысты инвестициялардың мысалдары бар. Бүгін біз «Болашақ» зауытына бардық, ертең Атырау мұнай-газ университетінде ғалымдармен кездесуді жоспарлап отырмыз. Мен сіздің өңір мен Еуропалық одақ арасындағы қатынастың қарқынды дамитындығына сенімдімін, - деді Траян Христеа.
Ал Витаутас Наудужас соғыс жылдары және соның қарсаңында бүкіл КСРО-дан жүз мыңдаған жер аударылғандар мен қуғын-сүргінге ұшырағандарды қабылдаған қазақ халқының кең пейілдігін еске салды.
– Литвадан да халықтар болды, біз мұны ешқашан ұмытпаймыз. Атам жер аударылған кезде қазақтардың қолдауының арқасында аман қалған, - деді ол кездесуде.
– Өңірде көптеген елдердің өкілдері енген консорциумның жаһандық жобалары жүзеге асырылуда. Шикізатты өндірудің, тасымалдаудың және өңдеудің кейбір техникалық шешімдерінің әлемде аналогтары жоқ. Жобамен үздіктер жұмыс жасауда. Бұл әрі қарай ілгеру басуға ниетті екенімізді тағы бір көрсетеді, - деді Нұрлан Ноғаев.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген автор