Жаз маусымы демалатын қуанышты кезең ғана емес, ата-аналар үшін толғанысқа, абыржуға толы шақ - баласын үйде жалғыз қалдырмай, үш айға қайда орналастыру керектігіне бас қатырады. Баланың күні бойы уақытын өткізетіндей қолжетімді демалыс орындары жоқ болып шықты.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле САЙЛАУОВАНЫҢ айтуынша, биыл мектеп оқушыларының жазғы демалысына және сауықтыруға жергілікті бюджеттен 231 млн теңге бөлінген. Бүгінде облыста 1-10 сыныптарды аяқтаған 99 мың оқушы бар. Осы 100 мыңдай ұжымға бар болғаны қала сыртындағы үш лагерь: Атырауда «Бесікті», Индер ауданында «Жас өркен», Махамбет ауданында «Арай» лагерьлері қарастырылған. Жыл сайын балалар үйінің балалары Железноводскідегі «Геолог Казахстана» лагерінде демалады. 136 мектепте тамақтандырылатын жазғы лагерьлер ұйымдастырылды. Әдетте, аз қамтылған отбасының балаларына басымдық беріледі. Қалған ата-аналарға өз балаларының бос уақыты үшін өздеріне қамдануға тура келеді.
Бір жыл бойына балаларды бір оқу курсынан екіншісіне сүйрелеп, сүйікті футболдары мен билеріне жазда баратындарын айтып, ант-су ішеміз. Өкінішке орай, бұл уақытта көңіліміз жабырқап қалады. Жазда Мәдениет сарайы жанындағы жаттықтырушылар мен хореографтар да еңбек демалысына кетіп, 1 қыркүйекке дейін секциялар мен топтарды таратып жібереді.
Баланы қаладағы бассейндердің кез келгеніне жүзуге жазып, сағат бойынша апаруға болады. Біздің бассейндерде түрлі топтар – жүзуді жаңа бастағандар мен үйренгісі келетіндер үшін, сондай-ақ, суда сенімді жүзетіндер бойынша жұмыс істейді.
Жеке би, вокал, сурет салу және басқа шығармашылық бағыттардағы үйірмелер өз жұмыстарын жазда да жалғастырады. Аптасына 3 сағат режим бойынша бір ай бару құны 10 мың теңгеден басталады. Кейбір көркемдік жетекшілер жұмыс жасайтын ата-аналарда балаларын сабаққа әкелуге мүмкіндіктері болу үшін демалыс сайын мастер-кластар ұйымдастырады. Құны – бір сабақ үшін 2 мың теңгеден басталады. Дайын бұйымды бала үйіне алып кете алады және отбасына мақтанышпен көрсете алады. Жаз ішінде жақсы жұмыс топтамасын жинақтауға болады.
Дамытушы клубтар мен орталықтар каникул басталған кезде төменгі сынып оқушылар үшін жазғы лагерьлер ұйымдастырады. Әдетте, маусым 10 күннен басталып, кем дегенде 30 мың теңгеге дейін тұрады. Осы ақша үшін орталық қызметкерлері балалардың көңілдерін көтеруге, оларды оқытуға және күніне үш рет тамақтандыруға уәде береді.
Лагерьдегі толық бір ай 70 мың теңгеге шығады. Бұл жүйе ата-аналардың мүмкіндіктеріне қарай икемделеді және жарты бағасына жарты күнге (түске дейін және кейін) лагерь қызметін ұсынады.
Атыраудағы бірден бір мектептен тыс жұмыс орталығы екі ауысыммен жұмыс істейді. Жыл сайын оған шамамен 2 мыңдай бала барады. Сабақтар таңертең сағат 9.30-дан бастап 11.30-ға дейін, түстен кейін сағат 14.00-ден 16.00-ге дейін болады. Орталық жанында «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Жоғарғы сыныптар үшін ағылшын тілі», «Төменгі сыныптар үшін ағылшын тілі», «Жоғарғы сыныптарға арналған математика», «Төменгі сыныптарға арналған математика», «Өлкетану», «Тарих», «Сурет салу», «ҰБТ-ға дайындық», «Адам, қоғам, құқық» курстары, сондай-ақ, «Қолөнер», «Эстрада және вокал», «Хореграфия», «Домбыра», «Тоғызқұмалақ», «Дойбы», «Шахмат», «КВН», «Актерлық шеберлік», «Жас ақын», «Журналистика», «Жас техник», «Футбол», «Декоративтік-қолданбалы өнер» үйірмелері жұмыс жасайды. Орталық 6-дан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге арналған. Алайда 1-сыныптан 8-сыныпқа дейінгі оқушылар белсенді контингент болып табылады.
Сабақтар тегін, үйірмелердегі балалар саны – 15-ке дейін, жазда аз болады. Егер ата-аналар өз балаларына көп көңіл бөлгілері келсе, бес адамға дейінгі шағын топтар бар. Бірақ бұлар ақылы – айына 5 мың теңгеден.
Орталық тәрбиеленушілері түрлі қалалық шараларға, байқаулар мен сайыстарға тұрақты түрде қатысып отырады, басқа қалаларға байқауларға шығады. Осылайша, жақында Астанада «Первые шаги» хореографиялық байқауында олар 1-орынды иеленді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА