Атырау, 28 қараша 23:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Жырақта қалған отбасы

Сурет
5 199 просмотра

40 жастағы жеті баланың анасы Айман ӘЛІПҚАЛИЕВАНЫҢ отбасы қиын жағдайда қалып отыр. Тығырыққа тірелген ол кей кезде өзі-өзіне қол жұмсау туралы ойлайтынын жасырмайды. Бірақ қандай қиындық болса да, балалары үшін өмір сүру керек екенін ол жақсы түсінеді.

Махамбет ауданы Таңдай округіне қарасты «Мейірман» қыстағы. Отағасы Айтжан ТАНИЕВ үлкен екі қызының оқу ақысын төлейтін ақша табу үшін малын сатқанын әңгімелеп отыр. Қазір оларда бір бұзаулы сиыр мен бір түйесінен бөлек, 27 мың теңге айлық кірісі бар (13 мың балалар жәрдемақысы, 14 мың теңге әлеуметтік жәрдемақы).

Отбасының үлкен қызы Атырауда институттың кешкі бөлімінде, ал, одан кейінгі қыз колледжде ақылы негізде оқиды. Екі қыздың жыл сайын оқу ақысына 300 мың теңге төлейді екен. Тағы он мың теңгені анасы қыздарының жол пұлына деп береді. Қыздары отбасына көмектесуге тырысып, оқудан соң жұмыс жасап, нәпақа табуға тырысады екен.

Олардан кейінгі үш бала Таңдайдағы мектеп-интернатта оқиды, ал, екі кішкентай қыз әзірге үйде, ата-анасының жанында.

- Менің әке-шешем өмір бойы совхоздың малын бағып, дүниеден өткенше осы үйде тұрды. Өзім де совхозда көмекші шопан болып еңбек еттім, совхоз тарағасын жұмыссыз қалдым. Вахталық негізде екі жыл жұмыс жасап жүріп, қысқартуға ұшырадым. Ол кезде қолымызда азын-аулақ мал болған. Ал, қазір... – деп күрсінеді Айтжан. - Шөп пен жем қымбаттап жатыр, не істерімізді білмейміз.

Жапсарлас үйде Айтжанның 70 жастағы ағасы отбасымен бірге тұрады, оның да он баласы бар. Олар мал ұстайды, туысқандарына көмектесіп тұрады. Айман тамақты керосинкаға пісіреді. Пештерін қимен жылытады.

Таниевтер Таңдай ауылдық әкімдігіне барып баспана сұраған. Бірақ әкім ауылда үй салынып жатпағандықтан мүмкіндік жоқтығын айтыпты. Қазір тұрып жатқан баспанасының төбесінен су өтіп, тозып ескіргендіктен жарлары құлай бастаған (суретте). Шатырдан өткен судан үй дымқыл тартып кеткен. Таңдайдан үмітін үзгесін аудан орталығынан үй сұрауға арыз берген, қазір олар әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтар кезегінде 91-шi болып тіркелген.

Аудан әкімінің орынбасары Азамат АЙМАНАКУМОВ хабарлағандай, Махамбет ауылының басынан биыл 60 пәтерлік үйдің құрылысын салу жоспарланып отыр. Құрылысы бітісімен үй пәтер кезегінде тұрғандарға беріледі. Олардың ішінде Таниевтер отбасы да болуы мүмкін.

- Балаларым біздің тағдыры-мызды қайталамағанын қалай-мын. Мен мектепті бітіре сала 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Мектептен кейін мамандық ала алмай қалдым. Қанша қиындық көріп жатсам да, балаларымның ел қатарлы білім алуы үшін бәріне дайынмын, - деді Айман.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

26 мамыр 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.