«Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша салынған 45 пәтерге 1009 адам үміткер болып отыр. Бұл туралы облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мейірім ҚАЛАУИ Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
Өткен жылы «Жас Отау» бағдарламасы бойынша 90 отбасы пәтер алды. Естеріңізге салсақ, «Жас Отау» - өз баспаналарын сатып алуға қаржылары жоқ және банктік ипотека алуға мүмкіндіктері жоқ жас отбасылар үшін арнайы жасақталған бағдарлама. Баспана тегін емес: пәтерлерде тұратын жас отбасы ай сайын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қаржы салады. Баспана құнының жартысын жинақтаған кезде банк жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен екінші жартысы мөлшерінде несие береді. Тағы 90 пәтер жергілікті «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында салынды. Биыл «Жас Отау» бағдарламасы бойынша 120 пәтері және «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша 45 пәтері бар тағы бір үйді тапсыру жоспарланып отыр.
Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Мейірім Қалауи осы бағдарламалар бойынша баспана алу ережелерінде биыл өзгерістер болмағанын атап өтті: 29 жасқа жетпеген ерлі-зайыптылар отбасынан өтініштер қабылданады. Бір өзгеріс – енді «Жас Отау» бағдарламасы бойынша үш бөлмелі пәтерлер де қолжетімді болады. Олар 120-пәтердің 40-ы. Бұрын жас отбасы тек екі бөлмеге ғана үміттене алатын еді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор