Атырау, 28 қараша 23:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Ақ Жайық» газеті редакциясының ашық хат-арызы

6 998 просмотра

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Жақып Асановқа

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевқа

Көшірмелері: Атырау облысының прокуроры Ғалымжан Тоғызбаевқа

Атырау облыстық ІІД бастығы Арман Жалмұханбетовке

2016 жылдың 21 мамырында «Ақ Жайық» газетінің тілшісі Мұрат Сұлтанғалиев редакция тапсырмасымен Атырау қаласындағы Исатай мен Махамбет атындағы орталық алаң жанында болды. Журналисте редакция куәлігі, бастысы – ашық қызғылт түсті кеудеге тағатын пресс-картасы (PRESS деген ірі жазуы бар 10,5х7 см өлшемдегі бейдж, оның келесі жағында – БАҚ-тың атауы мен қай жерде екендігі, журналистің фотосуреті бар) бар болатын. Біздің тілшіміз сол жерде жиырма шақты адамның ұсталғанын түсірген. Ұсталғандардың арасында жасы үлкен адам өзін нашар сезініп, «жедел жәрдем» шақыруды өтінген. Алайда полиция қызметкерлері оны дөрекі түрде автобусқа сүйреп апарып, еденге лақтырған.

Азаматтық құқықтардың бұзылу фактісін Мұрат Сұлтанғалиев редакцияның ұялы телефонының бейнекамерасына түсіріп алады. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР Заңының 20-бабына сәйкес, журналист қоғамдық ерік білдірудің кез-келген формасына қатысуға және қызмет бабындағы мiндеттерiн орындауға құқылы.

Операцияға жетекшілік еткен, қызметтік міндеті бойынша журналист Сұлтанғалиевпен жеке таныс Атырау қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы Ерлан Биғамбаев қарауындағыларға оны ұстауға бұйрық береді. Полицияның төрт қызметкері журналистке тап беріп, оны қозғалтпай, қол-аяғынан ұстап, автобусқа сүйреп апарған. Биғамбаевтың өзі қолданыстағы заң нормаларын бұзып, заңды негізсіз журналистен редакцияның ұялы телефонын тартып алған.

Image 2Ерлан БиғамбаевОсыдан кейін Сұлтанғалиевты Атырау облыстық ішкі істер департаментінің ғимаратына апарады. Біздің тілшіміз cол жерде байланыс құралынан, қорғануға заңды құқығынан және конституциялық құқықтарының сақталуы құқығынан айрылған болатын. ІІД-де оны түсініктеме жазуға мәжбүрлейді. Содан соң тергеу басқармасының бастығы Есмұхан Қажкеновтің бұйрығы бойынша журналистке ұстау хаттамасы толық толтырылады: линейканың алдына қарсы және қырынан қаратып суретке түсіреді, саусақ таңбалары алынады. Мұның бәрі айып тағылмастан және қандай да болмасын заңды негізсіз жасалған.

ІІД-ден босатылғаннан кейін Сұлтанғалиев алаңға оралып, ол жерден жергілікті полиция бастығы Биғамбаевты тауып алып, заңсыз алынған затын – ұялы телефонын қайтаруды талап етеді. Анықталғандай, Биғамбаев телефонын әдейі тартып алып, журналистің сол күні түсірген бейнежазбалары мен фотосуреттерінің барлығын жойып жіберген.

Жоғарыда баяндалғандарға байланысты «Ақ Жайық» газеті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 158-бабының («Күш қолданып журналистiң заңды кәсіби қызметiне кедергi жасау») негізінде тілшіміз Мұрат Сұлтанғалиевты негізсіз, заңсыз ұстау және кәсіби міндетін орындау кезінде оны ІІД-ге мәжбүрлеп апару фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауды талап етеді. Сондай-ақ, біз полиция қызметкерлері Биғамбаев пен Қажкеновті қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етеміз. Олардың әрекеттерінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкіліне қатысты өзінше билік ету және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану белгілері көрінеді.

«Ақ Жайық» газетінің редакциясы, 24 мамыр 2016 жыл

(Арыз барлық адресатқа пошта арқылы жолданды)

24 мамыр 2016, 11:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.