Облыстық ІІД-де педофилдерді химиялық кастрациялау тақырыбында брифинг өтті.
Биылғы жылдың 9 сәуірінде елбасы кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыс үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған «ҚР заңнама актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Жаңа заң нормаларын облыстық жергілікті полиция қызметінің ювеналды полициясының аға инспекторы Гүлмира ҒҰМАРОВА (суретте – оң жақта) түсіндірді.
2018 жылдан бастап кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыс жасаған тұлғаларды олар негізгі жаза мерзімін өтегеннен кейін химиялық кастрациялау енгізіледі, яғни, бостандыққа шыққан кезде оларға жыныстық құмарлықты азайтатын препараттар егетін болады.
Инъекцияны тағайындау туралы шешімді сот қабылдайды. Еркектік қауқарын әлсірету мерзімін, түрі мен препараттың қолданылу мерзімін енгізу кезеңділігі денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығында белгіленетін болады. Министрлік оны қазір Бас прокуратура мен ҚР ІІМ-нің мақұлдауымен әзірлеуде.
Г.Ғұмарованың айтуынша, 2015 жылы облыс бойынша кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы 48 қылмыс – ҚР ҚК-нің 120-бабы («Зорлау») бойынша – 6, 121-бап («Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері») бойынша – 8, 122-бап («16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас») бойынша – 30, 124-бап («Жас балаларды азғындық жолға түсіру») бойынша – 4 қылмыс жасалған. Биыл жыл басынан бері 120-бап бойынша бір қылмыс, 121-бап бойынша үш, 122-бап бойынша он жеті, 124-бап бойынша екі қылмыс жасалған.
Полицейлер ҚР ҚК-нің 122-бабы бойынша қылмыс санының көбейіп жатқанын жасырмады.
– Медициналық мекемелерден 16 жасқа толмай жүкті болып қалған қыздар келген кезде бізге хабарлайды. Біз қылмыстық іс қозғаймыз, алайда кейін оны тоқтатуға мәжбүр боламыз. Статистика бойынша облысымызда ҚК-тің осы бабы бойынша қозғалған бүкіл істер тараптардың ымыраласуымен тоқтатылып, үйлену тойымен аяқталады. Жасөспірім жүктілігі қазір өте жиі тіркеледі, - деді Ғұмарова.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор