Құлсары қаласында таңертеңнен бастап алаңға апаратын орталық Махамбет көшесін екі жағынан полицейлер жауып тастады. Алаңға жақын жерде терезелерінде жапқыш ұсталған екі автобус тұрды.
Бұл жерде таңертеңнен ағаштардың түбін және бордюрлерді әктеу жұмыстары жүре бастады. Әкім орынбасары Еркебұлан АҚҚҰСОВТЫҢ айтуынша, бұл сенбілік алдын ала жоспарланған және түске дейін жалғасты.
Алаңға жақын жерде адамдардың шоғыры байқалмады. Таңертең үйінен шыға берісте полицейлер 24 сәуірде қаладағы митингтің белсенді қатысушысы болған Мұхамбетқали ҮРКІМБАЕВТЫ ұстап, алып кеткен.
Сағат 11-де үйінің қасынан 24 сәуірдегі митингке қатысушы Ақмарал ҚАЛНИЯЗОВАНЫ да ұстаған, Оның айтуынша, оның митингке шығатын ойы да болмаған, абысынының үйіне шәй ішуге кетіп бара жатқан. Екі сағаттан соң оны аудандық ІІБ-нен босатқан. Тағы бір құлсарылық Тұрар ШАПҚАРА ешқандай жоспары болмағанына қарамастан қарсылық акцияларына қатысқаны үшін қарастырылатын жауапкершілік туралы ескерту алған. Оның пікірінше, полицияның мұндай әрекеттері жағдайды ушықтырады.
Сағат төртке таман Құлсарыда ешқандай акциялар өтпеді, алайда полиция алаңнан кеткен жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор