Бүгін күндіз қалаға қалааралық трассадан кіретін жол жабық болды. Атап айтқанда, Алмалыда полицейлер қалада төтенше жағдай режимі енгізілді деген желеумен көліктер легін тоқтатып қойды. Бір сағаттан кейін қозғалыс ашылды. Алайда қазір трассада біздің бұрынғы әріптесіміз Зинат Орынбасарованы ұстап тұр. Оған Махамбет аудандық прокуратураға жүруге бұйрық беріліпті.
-Оншақты полиция қызметкерлері менің көлігімді қоршап алып, қозғалуға мүмкіндік бермей тұр. Маған шақырту берген жоқ, ұстауға негіз ұсынбады, - дейді Зинат. Ол сондай ақ, қаладан адвокат күтіп тұрғанын айтты.
Зинат Орынбасарова адвокат шақырды, оның қатысуымен полицейлер прокуратураға бару жөніндегі талаптарын тоқтатып, қалаға, ІІД ғимаратына түсіндіру сұхбатына баруды ұсынды. Қазір оны адвокаттың және жалтылдақтары бар көліктердің еруімен Атырауға апара жатыр.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Зинат Орынбасарова