10.00. Ауа райы керемет, күн шығып тұр. Таңмен алаңды полиция қоршап тұр. Алаңда бес қаруы сай арнайы жасақтар көрінбейді. Сәтпаев даңғылы бойымен көлік қозғалысы тоқтатылмаған. Алаңға солтүстік жақтан кіретін Тайманов, Құлманов, Жарбосынов көшелері көліктер үшін жабылған. Жаяу жүргіншілер үшін тек алаңға кіретін жолдар ғана жабық, қоршап тұрған полицейлер сыпайы ғана жол көрсетіп тұр. Сонымен қатар, алаңның айналасындағы үйлер төбесінде адамдар байқалады, бақылап отырған болуы керек. Облыстық әкімдік ғимаратын полиция жасақтары қоршап тұр.
11.00.Тайманов көшесінде алаң іргесінен полицейлер 8 адамды, соның ішінде тілшіміз Мұрат Сұлтанғалиевты (журналистің бейджигі болса да) ұстап алып, ІІД-ге алып кетті. Ұстау кезінде қалалық жергілікті полиция бастығы Ерлан Биғамбаев қатысқан. Қазір ұсталғандар тергеушінің кабинетінде отыр.
11.55. Сәтпаев даңғылында, алаңға қарсы тұрған №32 үйдің маңына 20 шақты адам жиналды. Адамдар не істерлерін білмеуде. Олардың бірнешеуін полицейлер ұстап алып, автобуспен алып кетті.
«Ақ Жайық» тілшісі Мұрат Сұлтанғалиевтан қазір ІІД тергеушісі жауап алуда. Азаттық радиосы хабарлағандай, одан бұрын ұсталған тілші Сәния Тойкен босатылған, оған аппаратурасын қайтарыпты.
12.10. «Ақ Жайық» тілшісі Мұрат Сұлтанғалиев бізбен хабарласып, өзінің ІІД-ден босап шыққанын хабарлады. Қазір ол жұмысын жалғастыру үшін алаңға бара жатыр.
Кейбір топтар қоршауда тұрған және автобус ішіндегі полицейлердің көп екенін көріп, сөздеріне қарағанда, наразылық білдіру үшін басқа жер іздеп, алаң маңынан кетіп жатыр.
12.30. Сәтпаев даңғылынан адамдар Жеңіс бағы маңына барып жатыр деген кейбір мәліметтер бойынша, «Ақ Жайық» журналистері сол жерге жеткен еді.
Бұл жерде наразылық білдіріп жатқан топтар байқалмады. Полицейлер тілшілеріміз Азамат Майтанов пен Марат Такулинді, сондай-ақ, әріптестеріміз Лев Гузиковты ұстауға әрекеттенді. Бірақ содан кейін босатып жіберді, тіпті олардан кешірім сұрады. Журналистердің көз алдында полицейлер бақта серуендеп жүрген екі әйелді ұстап алып, олардың наразылықтарына қарамастан автобуспен алып кетті. Ұстауға қара форма киген омондықтар қатысты. Олар Жеңіс бағының маңында адамдарды қамауға алуды жалғастыруда. Ұсталушылар қатарында – қоғамдық қызметкер, ҮЕҰ-дардың бірінің жетекшісі Серік Өтепқалиев бар.
Махамбет-Исатай алаңының маңында жиналған адамдар жоқ. Полицейлер бұрынғыша толып жүр.
13.00. Исатай-Махамбет алаңының төңірегінде адамдардың жоқтығына, ал Жеңіс бағына наразылық білдіруші шағын топтардың ешқайсысының жетпеуіне қарағанда, полиция наразылық акциясына қатысу ниеттерін жасырмағандардың барлығын, олармен бірге сол жерде кездейсоқ жүргендерді де ұстаған сияқты.
Шамасы, тәртіп сақшыларының бірлескен күштерін көрген қала тұрғындарының көпшілігі алаңға өз ұстанымдарын білдірмек болған ойларынан бас тартқан болуы керек.
Алайда 24 сәуірде де, 21 мамырда да ешқандай митингті ұйымдастырушылардың болмағаны анық еді. Әркім өзі үшін шешім жасады.
Тәртіп сақшылары бұрын-соңды болмаған ауқымды операция өткізді, ал іс жүзінде «күресетін» ешкім болмай шықты. Журналистер қарсылық көрсеткен, соның ішінде полицейлерге шабуыл жасалған бірде-бір жағдайды тіркемеді. Исатай мен Махамбет алаңының маңына жиналған аздаған адамдар тобының жартысы қарапайым киінген тәртіп сақшылары мен арнайы қызметтің қызметкерлерінен құралған. Тілшіміз Мұрат Сұлтанғалиевты ұстаған кезде де шамамен 20 шақты адамнан тұратын адамдар тобы қоршап алған. Ал автобусқа бар болғаны 8 адамды мінгізген, қалған 12 адамның кімдер екені түсінікті болды.
Полицияның сол жерде жүрген кез-келген адамды ұстап әкетіп жатқан әрекеті халықты абыржытып тастады. Халық та ешкіммен «күрескелі» жатқан жоқ еді.
14.00. Қалалық жергілікті полиция басшысы Ерлан БИҒАМБАЕВ Атырауда 21 мамырда болады деп күтілген наразылық акциясына байланысты қанша адамның ұсталғандығы және оларды не күтіп тұрғандығы туралы «Ақ Жайықтың» сұрағына: «Бұл менің құзырымда емес. Мұнымен ІІД-нің тексеру тобы айналысады» деп жауап берді. Осы сұраққа ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира Мұхтарова қазір өзінің ақпарат беруге әзір еместігін айтып, ақпаратты дүйсенбі күні беруге уәде берді.
Азамат МАЙТАНОВ, Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ, Марат ТАКУЛИН
Суреттер мен бейнежазбаларды түсірген авторлар
Р/S. Әріптесіміз Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВТІ туған күнімен құттықтаймыз!!!