Қоғам белсендісі Макс БОҚАЕВТЫҢ анасының үйін тінту жүріп жатыр. Бұл туралы «АЖ»-ға Макстың туысқандары хабарлады. Естеріңізге салайық, Боқаевтың өзі қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторында отыр. Оны 15 күнге қамаған болатын. Біз оқиға орнына келіп жеттік.
Үй ауласында бірнеше полицей мен қарапайым киінген адамдар жүр екен. Бізді үйдің алдынан күтіп алған Макстың анасы, 74 жастағы Рахила ҚОЖАСОВА кіре берістегі есіктің құлпы бұзылғанын көрсетті. Жерде құлыпты бұзған шағын тұрба жатты. Үйдің дәлізіне кіргенде, іштен бір ер адам шығып, бізді әрі қарай өткізбеді. Ол ешқандай құжат көрсетпестен тек өзінің ҰҚК тоғызыншы басқармасының тергеушісі екенін ғана, ал үйде тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын айтты.
– Тінтуге рұқсат берілген қаулымен келген. Мен оған қол қойдым, бірақ онымен келіспейтінімді айтып ескерттім. Өйткені, онда Макс осы үйде тұрады деп көрсетіліпті, – дейді белсенді Макстың апасы Ақмарал БОҚАЕВА. – Макстың бұл үйде тұрмайтыны айттым. Осы үйде оның анасы мен інісі отбасымен тұрады. Өздерінің куәгерлерін алып келіп, есікті бұзып, тінту жүргізіп жатыр. Не іздеп жатқандарын білмейміз.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор
Бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН