Нөсерлі жаңбырдан кейін Атыраудағы жеке сектордың қандай күйде қалғанына бейжай қарауға болмайды. Көшелер мен үй аулалары бір метрдей су мен балшықтың астында қалды. ТЖД мен «Арнаулыавтобаза» қызметкерлері су шығарумен үздіксіз айналысуда, бірақ оған адамдар мен техника жетіспей жатыр.
Соңғы үш күнде қалалық штабқа қиын жағдайға тап болған тұрғындардан 351 шағым түскен. Үйлерінің қабырғасы жартылай құлап, іргетасы қалған үш отбасы қауіпсіз жерге көшірілді. Зардап шеккен тұрғындардың үйлерін қала әкімінің орынбасары Амантай АЙТБАЕВ бастаған арнайы комиссия бағалайтыны белгілі. Ал, әзірге олар Алладан көмек сұрап, үйлерінің тағы да суға кетпеулерін тілейді.
Қазір бәрінен де Жұмыскер тұрғындарына қиындау тиген болар. Кейбір көшелер өзенге айналған, су шығаруға арналған шлангілер бірнеше жүз метрге дейін барады. 17 мамырда онда электр трансформаторы істен шығып, жартылай дерлік су астында қалған. «Атырау Жарық» қызметкерлері оны құрғақ жерге орналастыруға көп уақытын жұмсады. Бейнетті әрі қауіпті жұмысты ертең бітіретін болар.
Марат ТАКУЛИН
Суретті және бейнежазбаны түсірген автор