Атырау қалалық прокуратурасы дәл үйлерінің түбінен жанармай құю кешенін салуға қарсылық білдірген Самал ықшамауданы тұрғындарының шағымын қарап шығып, қалалық әкімдікке жер телімін беру туралы шешімді жою талабын жолдады.
Естеріңізге салсақ, 9 сәуірде Самал-1 және Самал-2 ықшамаудандарының тұрғындары ықтимал құрылыс салынатын жерде аяқ астынан жиналыс өткізген болатын. Кездесуге «Гелиос» компаниясы мен қалалық сәулет бөлімінің өкілдері қатысты. Тұрғындар ең алдымен ол екі ықшамауданның арасына салынған және орталықтағы Бейбарыс даңғылына апаратын жолды жауып тастайтындықтан, автожанармай құю кешенін салуға қарсылықтарын білдірді. 27 сәуірде тұрғындар қалалық әкімдіктен ресми жауап алды. Онда қалалық биліктің өздіктерімен жер беру туралы шешімді жоя алмайтындығы айтылған. Құжаттардың барлығы ақырғы шешімді қабылдайтын прокуратураға жолданды. Өз тарапынан қалалық әкімдік құрылысты басқа жерге көшіру мүмкіндігі туралы «Гелиос» компаниясымен келіссөздер жасай бастады. Қазір басқа нұсқалары қарастырылуда («АЖ» №15, 14.04.16 ж., «Тұрғындар жанармай құю бекетіне қарсы», «АЖ» №18, 05.05.16 ж., «Тұрғындар жанармай құю бекетіне қарсы-2»).
Тұрғындардың хатын қарау барысында прокуратура қала әкімінің 2005 жылғы шешімімен Атырау тұрғынына Самал ықшамауданынан көлік жөндеу орны, жанар-жағармай құю бекеті, көлік жуу орны және дүкен салу үшін жер телімі берілгенін анықтады. 2011 жылы қожайын бұл учаскені «Гелиос» ЖШС-не сатқан. ҚР Жер кодексінің 44-бабына сәйкес, учаскені таңдау және учаскені таңдау туралы актіні рәсімдеу кейіннен актіні қарау және қорытынды дайындау үшiн комиссияға жіберіліп, он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Комиссияның қорытындысы негiзiнде жерге орналастыру жобасы әзiрленедi.
«Ал, осы жер телімі бойынша кадастрлық іспен танысу кезінде ол бойынша комиссия қорытындысы шығарылмағандығы және жерге орналастыру жобасы бекітілмегендігі анықталды», - делінген қала прокурорының орынбасары Владимир МАЛАХОВТЫҢ қолы қойылған қадағалау органының жазбаша жауабында.
Осыған байланысты қалалық прокуратура әкімдікке қала әкімінің 2005 жылғы шешімін жою туралы сотқа тиісті талап-арыз жіберу туралы талап жолдады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА