22 мамырда Атырау көшелерімен ірі габаритті жүкті тасымалдауға байланысты сағат 6-дан 8-ге дейін қалалық су тазарту құ-рылғылары токтан ажыратылады. Бұл туралы «Саренс Казахстан» көлік компаниясындағылар хабарлады.
– Осы екі сағат оқиғаларсыз өтеді деп үміттенеміз. Су құбыры жүйесінде су болады. Тек бесінші қабаттағы кейбір пәтерлерде шүмектегі су арыны төмендеуі мүмкін, - дейді «Саренс Казахстан» компаниясының менеджері Азамат ІЗТЕЛЕУОВ.
– Өйткені, әйелдер колониясы маңында қалалық су тазарту құрылғысын қоректендіретін 35 киловольт электр әуе желісі тартылған. Біздің жүгіміз өзінің габариті бойынша оның астынан өте алады, бірақ біз нұсқаунама бойынша осы желіні тоқтан ажыратуға тиіспіз. Кесте бойынша колонна осы жерден шамамен сағат 7-де өтуі тиіс. Біз ол жерде сәл ерте не кеш болуымыз мүмкін, сондықтан АСА-дан артық уақыт сұрадық.
Ал, «АтырауСуАрнасы» КМК баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, Атырау қаласының судан тазарту құрылғылары өз тарихында алғаш рет осыншама ұзақ уақытқа тоқтатылады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ