Редакцияға келген қаладағы Құрманғазы көшесі, 56 үйдің тұрғыны Рүстем ӘНУАРБЕКОВ үйлерінің қасында орналасқан газ құю бекетінің ауаны бүлдіріп жатыр деп шағымданды.
Оның айтуынша, газ толтырылған бөшкелердегі газ таусылған соң түбінде қалатын тұнбаны олар ауаға шығарады екен. №56 үйдің тұрғындары түсірген ұзақтығы 1 минут 37 секунд видеоға түнгі уақытта аппақ түтіннің будақталып ауаға шығарылып жатқанын түсіріп алған. Бұл үш-төрт күн сайын қайталанып отырады екен. Тұрғындар экология департаментіне, қалалық прокуратураға бұл туралы арызданған болатын. Қалалық прокуратураның биылғы жылғы 21 қаңтардағы жауапке сәйкес, газ құю бекеті «Жайық Газ» ЖШС-не тиесілі екен. ЖШС оны 2010 жылы «АзияЦентрГаз» ЖШС-нен сату-сатып алу келісімшарты бойынша алған. Газ құю бекетінің құрылысы үшін жер телімі қала әкімінің 24.04.2003 күнгі №76 шешімі бөлінген. Сол кезде жақын маңда ешқандай тұрғын үйлер салынбаған.
- Иә, сол кезде болмаған, ал, қазір бар. Біз газ құю бекетінің жұмыс кестесіне бір шектеу қоюды талап етіп отырмыз. Мәселен, кешкі сағат 19-дан таңға дейін. Себебі, бекет үйлерге өте жақын тұр, тәулік бойы жасайтын бекеттің айналасы көліктен босамайды. Онымен қоймай, тұрған жерлерінде жүргізушілер қоқыс шашып, тіпті, дәрет сындырып кетеді, - дейді Әнуарбеков.
Біз осы мәселе бойынша облыстық экология департаментіне ресми сауал жолдадық. Атырау облысы бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспекция инспекторы Қ.ҚАЛМАХАННЫҢ қолы қойылған жауапта тұрғындардың шағымына орай департамент газ құю бекетіне жоспардан тыс тексеру жүргізгендігі айтылған: «Мекеме ҚР Экологиялық Кодексінің 25, 27 баптарына сәйкес ластаушы заттардың жол беруге болатын шекті шығарындылары нормативтері жобасын жасақтап, оған Атырау облысы бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының 21.06.2012 жылғы №1-61 мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобада белгіленгендей, газдың таусылуы кезінде үрлемелі білтеден орташа бес секунд ішінде газдың ауаға шығуына норматив берілген. Алайда, арызданушылардың жасаған видеотаспасына сәйкес, аталған мекеменің газды ауаға шығаруы 1 минуттан астам уақытты құрады».
Биыл 21 қаңтарында тұрғындардың арызына жауап берген қала прокуроры Руфат ҚҰТТЫҚОВ ЖШС-ке ҚР ӘҚБтК 328-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 99 100 теңге көлемінде айыппұл салынғанын хабарлаған болатын.
Айыппұл салынғанымен, газ құю бекеті өз жұмысын жалғастыруда. Тұрғындар бұрынғыша газ түтінін жұтуға мәжбүр. Олар бұлай жалғаса берсе, сотқа шағымданамыз деп отыр.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор
Бейнежазба тұрғындардікі