Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯНСәрсенбіге қараған түні азаматтық белсенділер Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯНДЫ рұқсат етілмеген митингке қатысуға үндеу тастағандары үшін Атырау облыстық әкімшілік істері жөніндегі мамандандырылған соты қамауға алды.
Атыраудағы құқыққорғаушы Әсел НҰРҒАЗИЕВА өзінің Facebook-тегі парақшасына Талғат Аянға қатысты сот процесінің түнгі сағат 2.30-да аяқталғанын жазды. Одан бірнеше сағат бұрын Макс Боқаевтың соты болды. Азаматтық белсенділердің екеуін де ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабының 3-тармағы («ҚР бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу») бойынша 15 тәулікке қамауға алуға үкім шығарылды.
«Макс Боқаевқа да, Талғат Аянға да және олардың адвокаттарына да іс материалдарымен танысуға және қорғануға әзірленуге уақыт бермеді. Іс жүргізу бойынша заң бұзушылықтар көп», – деді Әсел Нұрғазиева.
Естеріңізге салсақ, бұдан бұрын азаматтық белсенділер Макс Боқаев, Ерлан Башақов, Талғат Аян Атырау қалалық прокуратурасына шақыртылып, сол жерде оларға рұқсат етілмеген наразылық акциясына қатысу және үндеу тастау заңсыз екендігі туралы ескерту табысталған болатын.
Азамат МАЙТАНОВ