Атырау, 29 қараша 01:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Үйдегі ауа райы: жаңбыр жауып тұр

Сурет
3 055 просмотра

Әр жаңбыр жауған сайын (қазір жиі жауатын болды) Алмагүл ықшамауданындағы №24 үйдің жоғарғы қабаттары зардап шегеді. Бірнеше жыл бұрын үйдің шатыры өртеніп, соның салдарынан шатырдың бір бөлігі жанып кеткен еді. Сондықтан бүгінде жаңбыр үйдің ішіне де жауатын болған.

ЖЕДЕЛСАТЫҒА ШАҒЫМДАНҒАН ЖОҚПЫЗ

Әсіресе Серік ХАЛМЕНОВТІҢ отбасына қиын тиді – олардың пәтерлері шатырдың өртенген тұсында орналасқан. Пәтерде жаңбыр суын сүртіп алатын шүберек пен су жинайтын ыдыс қашан да дайын тұрады. Дегенмен, төбеден аққан су мен ылғал қабырғадан үйдің іші үнемі сыз болып тұрады. Су тек 16-қабаттың пәтеріне ғана емес, ұзақ жауған кезде қабырғаны қуалап 13-қабатқа дейін жетеді.

Қыста әрі салқын болады. Жылытқыштармен жан сақтаймыз, бұл кезде жарық үшін 40 мың теңге төлейміз. Кейде оған да жылынбайтын кездері уақытша туыстарымызды паналауға тура келеді, өйткені балаларымыз бар, - дейді Серік.

Тұрғындар бірер жыл бұрын үйдің терможаңғырту бағдарламасына енгізілгенін білген кезде, әйтеуір шатыр жөнделетін болды-ау деп қуанып қалған еді. Бірақ босқа қуаныпты.

Бізге бар жасап бергендері – ескі жеделсатыны ауыстырды, бірақ біздің оған қатысты шағымымыз жоқ еді. Ең қызығы, жеделсатыны ауыстыруға біздің келісімімізді ешкім алған жоқ. Ең бастысы – шатырымызды жөндеген жоқ. Біз бұрынғыша сыз тартқан пәтерде тұрып жатырмыз, - дейді тұрғындар.

Есте қаларлығы, өткен жылдың тамызында №18 үйдің шатырында да өртке қатысты осындай оқиға орын алған.

Әкімдіктен келіп, қарап шығып, көмектесетіндіктерін айтты. Қысқа уақыт ішінде сол шатырды жөндеп тастады. Ол жерде әкімдік қызметкері тұратындықтан осылай жасапты деседі, - деп жорамал жасады Халменов.


«БЕРЕЖАҚТАРЫН БЕРСЕ ЖАҚСЫ ЕДІ»

Біз қалалық әкімдікке №24 үйдің шатырына қатысты сауал жолдадық. Қала әкімінің орынбасары Әділбек ЗАЙДУЛИННІҢ қолы қойылған жауап келді: «Өрттен кейін Алмагүл ықшамауданындағы №24 тұрғын үйдің шатыры қызмет көрсетуші кондоминиум нысанын басқару органымен, атап айтқанда, «Тату» ЖК-мен бірге тұрғындардың өздерінің есебінен жөнделуі тиіс. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, тұрғын үйдің шатыры кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне жатады және жөндеу жүргізу үшін мақсаттық қаржы жинау қарастырылған. Қаржы жинау туралы шешімді тұрғындар жалпы жиналыста қабылдайды. Ол үшін қызмет көрсетуші компания шығындар сметасын жасауы тиіс. Заңның 35-бабының 2-ші және 3-ші тармақтарына сәйкес, орынжайдың меншік иелері жалпы мүлікті және үйді ұстау шығындарының барлығына қатысуға тиіс».

Өз кезегінде, «Тату» ЖК директоры Зухра ИЛЬЯСОВА былай дейді:

- Жеделсатыға келер болсақ, шынымен де ол жаңасына ауыстырылды. Өйткені, Алмагүл ықшамауданындағы бірқатар үйлердің тұрғындарынан жұмыс жасамай тұрғын жеделсатыларға қатысты шағымдар көп болды. Жаңғырту бағдарламасы бойынша осы үйлердің жеделсатылары ауыстырылған еді. 24-үйде ол автоматты түрде ауыстырылды.

Шатырды жөндеу бойынша смета әзірледік. Тек жасалатын жұмыстың өзіне мердігерлер 800 мың теңге сұрады. Ал жалпы 1,5 млн теңге керек. Қазіргі кезде бұл үйдің тұрғындарының пайдалану шығындары бойынша 2 млн теңге мөлшерінде бережақтары бар. Шатырды жөндеу сметасын тұрғындарға тамызда ұсынуды жоспарлап отырмыз. Мақсаттық қаржы жинауға болады. Бірақ біз оларға бережақтарын өтеуді ұсынғымыз келеді және осы ақшаға шатырды жөндесек дейміз. Өз тарапымыздан мүмкіндігімізге қарай құрылыс материалдарымен көмектесер едік.


- Шатыр өртенген осындай жағдай №18 үйде де болыпты. Жөндеу кімнің есебінен жүргізілді?

- Ол кезде тұрғындар да, біздер де қалалық әкімдікке шағымдандық. Олар көмектесті. Мен бұл демеушілік қаржы деп жорамалдаймын. №24 үйдегі өрт, қателеспесем, 2011 жылы орын алды.

Сол кезде үйлерге қызмет көрсетумен басқа ПИК айналысты. Бұл мәселенің неліктен шешілмегенін білмеймін. Бірақ қазір оны өз күшімізбен шешуге тура келіп отыр.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

16 мамыр 2016, 12:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.