Атырау, 29 қараша 01:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Қалалық прокуратура: "Облыстық мәслихат шешімінің талаптары бұзылған"

3 098 просмотра

«АЖ»-ға кәсіпкер Боранбай НҰРҒАЛИЕВ шағымданды.

Ол өзі секілді кәсіпкерлермен бірге қалдықтарды қалалық қоқыс алаңына шығару қызметін көрсетеді. Қоқысты сыйымдылығы 8 текше метр жүк көлігімен тасиды. «Арнаулы автобаза» ЖШС-мен отырған келісімшарт бойынша полигонға төккен қоқыстың әр текше метрі үшін 1101,33 теңге төлейді. Нұрғалиев қоқыс алаңына төгуге әкелінген жүктің өлшенбейтінімен келіспейді. Және «Арнаулы автобаза» әкелінген жүктің көлемі әр түрлі болып келуіне қарамастан әр келген сайын олардан автоматты түрде 8 текше метр қоқыстың ақшасын алады. Оның айтуынша, ол мұның алдында бір жыл «Ақтөбе-Таза қала» ЖШС-мен бірлесіп жұмыс жасаған. Ол жерде кәсіпкерлер әкелген қоқысты өлшеп алады екен.

«Арнаулы автобаза» оның уәжіне құлақ аспады. Сондықтан, кәсіпкер қалалық прокуратураға, қалалық мәслихатқа және өңірлік кәсіпкерлер палатасына арызданды. Қалалық прокуратурадан қала прокурорының орынбасары Владимир МАЛАХОВТЫҢ қолы қойылған мынадай жауап келген: «Бұл жерде «Арнаулы автобаза» ЖШС тарапынан «Қоршаған ортаға эмиссиялар төлемақы ставкаларын бекіту туралы» Атырау облыстық мәслихатының 27.01.2010 жылғы №306-ІV шешімінің талаптары бұзылғаны анықталып, қала әкімдігіне заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді. Кәсіпкердің ҚР АК-нің 9-бабына сай өз тарапынан талап-арызбен сотқа жүгінуге құқығы бар».

Өкінішке орай біз «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Мұратбек МАХАНОВҚА хабарласа алмадық, ал, мынау оның қалалық мәслихатқа жазған жауабы: «Жеке кәсіпкер бұдан бұрын да арызданған, онда тариф бойынша есептеліп отырған төлемақыларға күмәнданған болатын. Ол мәселе шешілді. Енді «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің қоқыс алаңына қойылған таразысына көз алартып отыр. Бұл таразы ішкі жұмысқа пайдалану, өз жүргізушілеріміздің жұмысын реттеу, оңтайландыру, қадағалау мақсатында қойылды. Себебі, әр қоқыс таситын машина әкелген қоқыстарын өлшеп тапсырады, белгілі мөлшерге жетпесе, қабылданбайды. Бұл таразыға заңды тұлғалар жіберілмейді. Жеке кәсіпкер бұдан ары тағы да кемшілік іздеп арызданатын болса, біз Қазақстан Республикасының заңнамаларында қарастырылғандай әрекет етеміз, яғни, келісімшартты бұзу баптарын қолданатынымызды қаперлейміз».

Айнұр САПАРОВА

12 мамыр 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.