Атырау, 29 қараша 01:37
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Өзендердің суы азайды, балықтар да кеміп кетті

3 018 просмотра

Жайық-Каспий бассейнінде балық қорының едәуір азайғаны жаңалық болудан қалған. Балықшылар бірнеше жылдан бері жыл сайын бөлінетін лимитті игере алмай келеді. Өкінішті. Бұған тек браконьерлер ғана кінәлі емес. 20 жылдан астам уақыттан бері гидромелиорация жұмыстарына қаржы бөлінбейді. Құрманғазы ауданындағы Қиғаш пен Шарон өзендері кеуіп қалу алдында тұр. Ал, көлдер мен өзен сағасындағы 12 кіші өзекте су жоқ, құрғап қалған.

Биылғы жылы аудан балықшыларына 5 037 тонна лимит бөлінді. Бүгінде аудан бойынша бес балық аулау кәсіпорны - «Каспий-Балық», «Каспий-Таңы» өндірістік кооперативтері, «Ақсу-Қиғаш», «Ш. Сүлейменов» ЖШС-тері, «Е. Сәрсенбаев» шаруа қожалығы - 1 304 тонна балық аулап, жоспар 30 пайызға жуық орындалған. Ал, көктемгі балық аулау маусымының аяқталуына екі аптадан астам уақыт қалды. Өткен жылы балықшылар 5 238 тонна балық аулап, жоспарды 85 пайызға ғана орындады.

- Балықтың жүретін жері жоқ, - дейді «Каспий-Таңы» ӨК төрағасы Бақыт ТЕМІРОВ (суретте). - Бүгінде Қиғаш пен Шаронның жағдайы сын көтермейді, теңіз тамағы мен каналдарды қалың қоға басып кеткен. Бұрын соны шабатын техника болған еді, ал, қазір ол да жоқ, оны сатып алатын ақша да жоқ. Қордаланып қалған мәселелер туралы барлық деңгейдегі әкімдерге жиын сайын айтамыз, бірақ бәрі нәтижесіз.

Құрманғазылық балықшы-лардың пікірінше, балық шаруашылығын жандандыру үшін басты үш мәселені шешу керек. Біріншіден, Татаро-Телячинский, Телячинский, Бабинсий-Синее, Коневский, Жаркөсе, Ганюшкино каналдары мен Көкарна, Кадырка, Қиғаш, Шарон, Кобяково өзендерінде мелиорациялық және тереңдету жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлу. Алдын ала есептеу бойынша жалпы ұзындығы 129 км болатын өзен-көлдердің бойын қазу жұмыстарына 5 млрд теңге көлемінде қаржы қажет.

Екіншіден, Ресеймен арадағы үкіметаралық екіжақты келісім жасасу арқылы Еділ өзенінің салалары Шарон мен Қиғашқа судың келуін қамтамасыз ету.

Үшіншіден, балық қабылдаған кемелердің түнгі уақытта жүру мәселесін шешу. Ауланған балықтың бұзылып кетпеуін ойлаған балық аулау кәсіпорындары үшін түнгі уақытта жүруге салынған тыйым қиындықтар тудырып отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

12 мамыр 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.