Атырау, 29 қараша 01:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Егін науқаны басталды

6 775 просмотра

Қазіргі кезде егін шаруашылығымен айналысу оңай болмағанымен, егін егіп, одан өнім жинауға қызығушылар саны артып келеді.

Исатай ауданы. Биыл исатайлықтар 28,6 гектарға егін егуді жоспарлап отыр. Бұл былтырғымен салыстырғанда алты есеге артық. 22 гектар жерге қызанақ, қияр, жуа, сәбіз, 6 гектарға картоп, 0,6 гектарға қауын, қарбыз секілді бау-бақша дақылдары егілмек. Суармалы су «Бақсай» каналынан алынбақ. Дала еңбеккерлері «АтырауСуШар» АҚ-мен келісімшартқа отырып үлгерді.

Бүгінде егін алқаптарында қоршау жұмыстары аяқталып, жер жырту мен дақылдар егу жұмыстары қызу жүріп жатыр.

- Біздің жеріміз құнарсыз, негізінен сортаң болғандықтан тұзы бетіне шығып кетеді, - дейді Исатай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қадыржан ЕРМҰХАНОВ. - Егін егуге тілек білдірушілер жыл сайын көбейіп келеді. Бұл қуантарлық жағдай.

Қызылқоға ауданы. Өткен жылы табиғи судың болмауынан қызылқоғалық диқаншылар жеткілікті өнім ала алмады. Ал, «Жасқайрат» ЖШС-нің 300 гектарға еккен тарысы жаздың ыстығында күйіп кетті. Тары дақылын өсіруден ЖШС биыл бас тартқан.

- Егіншілер суды Ойыл өзенінен алады. Былтыр өзенде су аз болып, шаруалар алқаптарын дұрыс суара алмады. Тағы бір мәселе, су өзен саласында тұрып қалатындықтан жазда тұзданып, ащыланып кетеді. Мұндай су дәнді дақылдарды күйдіріп жібереді, - дейді Қызылқоға аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырғали БАЗАРБАЕВ.

Аудан бойынша биыл жалпы 22 гектарға егін егу көзделуде. Оның 16 гектары жыртылып бола келген. Жанар, жағармай, тұқым алу жағын егіншілер әзірге өз күштерімен шешуде.

Құрманғазы ауданы. Биыл құрманғазылықтар 712 гектарға егін егуді жоспарлап отыр. «Жақсылық» шаруа қожалығы Көптоғай ауылдық округіне қарасты 60 гектар жерге түрлі дәнді дақылдар екпекші. Қожалық жетекшісінің орынбасары Ербол ШОТАЕВ егін егу жұмыстарына жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғындарды тартатынын айтады.

Бүгінде округ әкімдері егіншілерді техникамен қамтамасыз етуге жұмыстануда. Қиғаштың суы көтеріліп, біраз жерді су басып үлгерген. Маусымның аяғында су қайтқаннан кейін дымқыл тартқан жерлерге картоп егу жұмыстары басталады.

- Ауданда төрт шаруа қожалығы 10 гектар жерге картоп егуді жоспарлап отыр, - дейді Құрманғазы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Саламат ҚАБДОЛОВ.

Ал, көктемгі балық аулау маусымы біткен соң «Каспий-Балық» өндірістік кооперативі тағы 20 гектар жерге картоп егеді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

12 мамыр 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.