АҚШ сотының үкімімен 3 жыл 6 айға түрмеге қамауға алынып, Кентукки штатының түрмесінде жазасын өтеп жатқан қазақстандық студент, Атырау өңірінің тумасы Азамат ТӘЖІАЯҚОВ үлгілі тәртібі үшін мерзімінен сәл бұрын, 19 мамыр күні босатылады.
Еске салайық, 2013 жылы 15 сәуірде АҚШ-тың Бостон қаласындағы марафон кезінде орын алған екі жарылыстың салдарынан үш адам қаза тауып, 260-тан астам адам жараланған. АҚШ федералдық сотының шешімімен терактіні ұйымдастырған және жасаған деп айыпталған Ресей азаматы Джохар Царнаев өлім жазасына кесілген болатын. Ал, оның лаңкестік ісін әділ тергеуге кедергі келтірмек болды деп айыпталған қазақстандық таныстары Диас ҚАДЫРБАЕВ 6 жылға, Азамат Тәжіаяқов 3 жыл 6 айға сотталған болатын.
Қазір Азаматты елге қайтару мәселесі шешіліп жатыр. Осы жөнінде бізге телефон арқылы Азаматтың ағасы Марат ЫСМАҒҰЛОВ айтып берген болатын.
-Иә, тұрмедегі үлгілі тәртібі үшін Азаматтың жаза мерзімін 15 пайыз уақытын алып тастады, осылайша оның түрмеден шығатын уақыты 19 мамырға келді. Кейін Азамат Тәжіақовты Қазақстанға депортациялау туралы сот өтеді. Онда Азаматтан Қазақстанға оралуға қарсы еместігі сұралады. Азамат, әрине, елге келуге қарсы емес. Қазір оны елге қайтаруға қажетті құжаттар ресімделуде. Жақында Азаматтың әкесі АҚШ-қа ұшады.
Айтпақшы, ресімделіп жатқан құжаттардың бірі шетелде сотталған азаматтардың қамаудан босап шыққаннан кейін өз елінде қудаланбайтынына қатысты Бас прокуратураның келісімі.
Азаматтың ағылшын тіліндегі ресми веб-сайты да құрылған болатын: http://www.tazhayakov.com/.