Облыстық әкімдікте өткен кеңесте оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру жоспары тыңдалды.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле САЙЛАУОВА баяндама жасады:
– Оқушылардың жазғы демалысын және сауықтыруды ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 231 млн теңге бөлінді. Бұл өткен жылдағыға қарағанда 15 пайызға көп. Осы жазда 1-10 сыныптарды бітірген 99 мың оқушы каникулға шығады. Олардың 94 пайызының демалыс ұйымдастыруға мүмкіндіктері бар. Бізде қала сыртында үш лагерь бар: Атырауда – «Бесікті», Индер ауданында – «Жасөркен», Махамбет ауданында – «Арай». Оған Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологында» мен мектеп жандарындағы тамақтандыру ұйымдастырылған 136 лагерді қосыңыз.
Білім министрлігінің тапсырмасы бойынша мектеп жанындағы бүкіл лагерьлерде тілдік топтар, қала сыртындағы лагерьлерде – ағылшын тілі үйірмелері ашылмақ.
«Теңізшевройл» әдеттегідей үздік оқитын жоғары сынып оқушыларын Новосибирскідегі физика-математика мектебіне жібереді. Биыл ТШО қаржысына онда 150-ден астам бала демалады.
Өткен жылы жергілікті бюджетте Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданындағы «Машат - Арасан» демалыс лагеріне 360 бала демалу үшін қаржы салынған. Биыл «Ембімұнайгаз» онда 500 баланың жол жүру сапарына демеушілік көрсетіп отыр.
Облыста екінші жыл қатарынан шатырлы лагерьлер ұйымдастырылуда. Өткен жылы 22 шатырлы лагерьде 322 бала демалды. Биыл оған 160 балаға арналған «этноауыл» түріндегі киіз үй лагері қосылмақ.
– Атырау секілді қала үшін қала сыртындағы бір лагерь - өте аз, - дейді Н.Сайлауова. – Жыл сайын қала сыртындағы үш лагерь мен «Қазақстан геологында» біз аз қамтылған отбасындағы 11 300 баланың 3 738-інің демалысын қамтамасыз етеміз. Жаңа балалар лагерін салуға төрт гектар жер бөлінді. Қаржы бөлу керек...
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ