Былтыр маусымда «АЖ» ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін суармалы суға субсидия төлеудің жаңа ережелері туралы жазған еді. Еске салсақ, ендігі кезекте субсидиялау шығындардың тек елу пайызын жабады. Оған қоса, «ҚазСуШар» сумен қамту мекемесі су жеткізгені үшін егіншілерден алдын ала жүз пайыз төлемақы талап ете бастады («АЖ», №9, 3.03.2016 ж., «Егістік суы қымбат-ақ»).
Егін науқаны басталмас бұрын ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВКЕ Индер аудандық кәсіпкерлер палатасы аудан диқаншылары атынан хат жолдады. Жауапты үлкен үмітпен күтті. ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан НЫСАНБАЕВ қол қойған жауапта субсидия көлемінің елу пайызға дейін төмендетілуі сыбайлас жемқорлықтың құрамын азайтады деп көрсетілген. Және бұл жобаны ҚР Ұлттық экономика министрлігі мақұлдаған. Бір сөзбен айтқанда, өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
- Біздің жерімізде егіншілікпен айналысу оңай емес, - дейді Индер аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Мырзабек ТАСЫБАЕВ. – Су егіс алаңына машиналармен жеткізіледі. Жергілікті диқандарға бұл тегін келмейді. Бұрын диқаншы тек 20 пайыз суға төлейтін. Қалған 80 пайызы субсидия есебінен жабылатын. Ал, биыл елу пайыз субсидия шаруаларға қиындық тудыруы мүмкін.
Индер ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәулет ЕСЕТОВТЫҢ ақпараты бойынша, бүгінде ауданда егістік көлемі 160 гектарды құрап отыр. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 40 гектарға аз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА