Атырау, 29 қараша 03:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Балық аулау маусымы бір жылға азық

4 637 просмотра

Құрманғазы ауданындағы «Каспий-Балық» өндірістік кооперативінде балық аулау және оны өңдеу жұмыстары қызу жүруде.

Ауданға жыл ішінде 5 мың тоннадан астам балық аулау лимиті белгіленсе, соның 2,5 мың тоннасы «Каспий-Балық» ӨК-нің үлесінде.

- Осыған дейін көктемгі балық аулау маусымы 30 сәуірге дейін болып еді. Ал, мамыр айында - балықтың нағыз жүретін кезінде қол қусырып қалатынбыз. Бұл проблемамызға құлақ түрген парламент балық аулау маусымын мамырдың 25-іне дейін ұзартып берді, - дейді балықшылар.

Өндірістік кооператив екі жерде - Бірлік және Шортанбай ауылдарында орналасқан. Шортанбайда балық өңдеу зауыты бар. Мұнда тек шортанбайлықтар ғана емес, көрші ауылдан да келіп еңбек етіп жатқандар бар. Барлығы – 200 адам.

Зауытта жайын мен шортанды бөлектеп, саралап үлгеруде. Одан кейін балықтардың ішін тазарту мен кесу жүреді. Бұл жұмыстармен жеті әйел адам айналысады.

- Біз жеті күн жұмыс жасап, бір күн ғана демаламыз. Балық - біздің нәпақамыз. Әр адам күніне бір тонна балықты тазартып, кесіп үлгеруі керек. Еңбекақы істеген ісімізге орай төленетін болғандықтан әркім өз жоспарын орындауға тырысады, - дейді бригадир Элмира СҮНДЕТОВА.

Ал, балықтан фарш, филе жасау цехында 10 шақты адам еңбек етеді. Дайындалған өнім арнайы целлофанға салынады. Бұдан кейін балық өнімдері тоңазытқыш бөлмесіне жөнелтіледі. Өнімдер еліміздің батыс өңіріне, сол сияқты Алматы, Ресейдің Астрахан, Липецк қалалары мен Украинаға жіберіледі.

Бүгінде өндірістік кооператив жоспарлы лимиттің 30 пайызын орындап үлгерді. Бүгінде 45 звенода (бір звенода екі адамнан) 90 адам еңбек етуде. Ал, теңіздегі балық тартымы төрт жерде: «Ягодка», «Песок», «Бақыт», «Богашинде» орналасқан. Олар сегіз сағат сайын ауысып отырады.

- Қазір жайын, сазан, табан, шортан, қаракөздер аулануда. Біздегі ең басты проблема - балық шығатын өзектердің бітеліп қалуы. Тіпті, оған балық аулауға арналған кеме де кіре алмай жатады. Оны тереңдету үшін қазу жұмыстарын жүргізу керек. 2006 жылдан бастап қазу жұмыстары тоқтап қалды, - дейді «Каспий-Балық» ӨК директордың орынбасары Бақтыбек ИМАНОВ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

5 мамыр 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.