Индер ауданында бруцеллез жұқтыру оқиғасы тіркелді.
Қазір ауданда жұқпалы дертке байланысты малдар мен сырқаттанған адамдардан жаппай қан алу жүріп жатыр. Зертханалық тексерістің нәтижесінде бүгінде Есбол мен Елтай ауылдарынан 11 қой-ешкі мен бір адамнан бруцеллезге оң әсер берушілік анықталып отыр. Салыстыру үшін келтіріп өтсек, былтыр бұл індетті 11 ірі қара, 143 қой-ешкі мен 12 адам жұқтырған болатын.
- Қазір Елтайдан тіркелген науқас адам ем алып жатыр, ал, малдарды Атыраудағы «АсылАгро» ЖШС-нің шұжық дайындау цехына жіберіп жатырмыз, - деп хабарлады Индер аудандық ветеринария және ветеринариялық бақылау бөлімінің басшысы Сатыбалды ОРАЗҒАЛИЕВ. – Еске салып өтейін, бруцеллезге ұшыраған ірі қара малдың етін 100 градуста қайнатып жей беруге болады.
Аудан бойынша жалпы 18 мыңдай ірі қара, 2 900 түйе, 89 мыңға жуық қой-ешкі тексерістен өтуі қажет.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА