Көрнекі суретҚұлсары қаласында 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өтетін дәстүрлі шара болмайтын болды. Бұл туралы «АЖ»-ға жергілікті тұрғындар хабарлады. Бұл күнгі салтанатты шараға олардың мектепте оқитын балалары қатысуы тиіс болатын. Көп ата-ана сол күнге арналған мерекелік киімдер де сатып алып берген.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нұрадин ӨМІРБАЕВ телефон арқылы Құлсары орталығында ресми мерекелеудің болмайтынын растады.
- Иә, негізі бұл салтанатты шеру таңертеңгі сағат 10-ға белгіленген. Бұған 13 мектептің оқушылары мен Жылыой мұнай-газ технология колледжінің студенттері қатысуы керек еді. Біз алдын ала балаларға және ата-аналарға шеру болмайтынын ескерттік, себебі сол күні синоптиктер болжамы бойынша жаңбыр жауады екен. Егер балалар жаңбырдың астында қалса науқастанып қалады. Бізге балалардың денсаулығы маңызды, сондықтан осындай шешімге келдік. Ал сатып алған киімдерін мектепішілік шараларда пайдалануға болады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА