Жақында WhatsApp қосымшасы арқылы Махамбет және Индер аудандарында су тасиды деген хабарлама тараған болатын. Біз бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін тексердік.
Индер ауданы әкімінің орынбасары Мұхамбетқали АЛДЕРЗИН су тасқыны болады деген ақпаратты жоққа шығарды.
Алайда, аудандық ТЖ бөлімінің мамандары өзендегі су деңгейі қазір 2,84 метр (су деңгейі күніне 7-8 см шамасында көтеріліп келеді), бұл жылдағы деңгейден жоғары екенін айтады. Егер су таситын болса, Жарсуат пен Құрылыс ауылдарына қауіп төнуі мүмкін екен.
- Судың жайылуына тосқауыл болар дамбылар ескірген, жөндеуді талап етеді, - дейді Индер аудандық ТЖ бөлімінің басшысы Ізбасар САҚЫПҚАЛИЕВ.
Соңғы екі жылда Жайық өзеніне судың аз келуінен тоғандар кеуіп қалған. Елтай ауылы тұсындағы үлкен «Қарасу» да тартылып қалды.
Махамбет ауданында да осы жағдай. Судың тапшылығынан тоғандар топыраққа айналған. Ал, аудандағы «қарт Жайық» атанып кеткен көл де толар емес.
- Бүгінде өзеннің аудан тұсындағы деңгейі 5,52 метр шамасында. Былтыр осындай су деңгейі 7 мамырда байқалған болатын. Біз «қарт Жайыққа» су жетсе, сайлар арқылы құрғап қалған тоғандарға да су толар еді деп үміттенеміз, - дейді Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Азамат АЙМАНАКУМОВ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА