Атырау, 11 қазан 10:48
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Атырау облысының бюджеті – 2011: кемерінен асып кетті ме?

3 154 просмотра

Облыстық мәслихаттың ІV шақырылымының қорытынды сессиясында облыс әкімі Бергей Рысқалиев депутаттар алдында 2011 жылғы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша баяндама жасады.

Әлің келмесе қосып арқала

Әкім биылғы жылы бюджетке салық жинау жоспары орындалмағанын атап өтті. Облыстағы бюджет тапшылығы 14 млрд теңгені құрады. Осының салдарынан 2011 жылы аяқтауға жоспарланған кейбір жобаларды: Нұрсаядағы киноконцерт залының, монша кешенінің, спорт кешенінің жобаларын, тұрғын үй құрылысының әжептәуір бөлігін, ЖЭО жүйесіне қосылу үшін Балықшы поселкесіндегі ыстық сумен қамту және жылу жүйелерін қайта жарақтау, сумен қамту және канализация жүйелерін жөндеу, Индербор аудан орталығындағы канализациялық тазарту стансасы мен Атырау қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды көметін полигонды тапсыру, облыс орталығын жарықтандыру мен көгалдандыру жобасын және жағалау нығайту жұмыстарын, спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың құрылысын салуды 2012 жылға  қалдыруға тура келді.

Алайда облыс әкімі оптимисті түрде былай деп мәлімдеді: «Бұл жобалардың бірде біреуі аяқталмаған күйде қалмайды. Біз оларды бірінші тоқсанда, әрі кеткенде 2012 жылдың бірінші жартысында жүзеге асырамыз».

Жергілікті бюджет 14 млрд теңгені кем алғанына қарамастан, Қаржы министрлігі келер жылдың бюджетін бекіту кезінде облыс бюджетінен республика бюджетіне қаржы алу көлемін 18-ден 41 млрд теңгеге дейін арттырған. Алайда 22 млрд көлеміндегі республикалық бюджеттен қаржыландыру жоспарын 12 млрд теңгеге көбейтуге де қол жеткізіліп отыр. Соның нәтижесінде 2012-2013 жылдары аяқталуы тиіс деп жоспарланған көптеген жобалар аяқталды. Тағы бірнеше нысандар таяу уақыттарда пайдалануға берілетін болады. Бұлар Атырау мен Құлсары қалаларындағы канализациялық тазарту құрылғылары, Миялы – Сағыз көлік тас жолы мен Жылыой ауданындағы емхана. 

Сумен қамту жобасы бойынша бұрын бөлінген 2,5 млрд теңгеге қосымша 2 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде кешікпей: Құрманғазы ауданындағы Приморье, ММС – Жаңа ауыл, Жамбыл, Жасталап, Дина Нұрпейісова атындағы ауыл, Кадырка, Богатое, Жұмекен, Ганюшкин; Индер ауданындағы Индербор, Есбол, Көктоғай, Елтай, Өрлік, Жарсуат, Бөдене, Бұхар; Исатай ауданындағы Исатай, Нарын, Тұщықұдық, Жанбай; Махамбет ауданындағы Сарайшық, Аққайың, Еңбекшіл, Бейбарыс, Ескі Сарайшық, Махамбет елді мекендерінде жергілікті су құбыры желілерін жүргізу аяқталады.

Б. Рысқалиев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына шетелдік компаниялардың қатысын атап өтті. 2011 жылы Теңізшевройл, Аджип ККО және басқа компаниялардың қатысуымен 5,8 млрд теңгеге жұмыс атқарылған. Бұлар: Құлсары қаласындағы сумен қамту жүйесін қалпына келтіру, 4 балабақша құрылысы, Кіші Өнер академиясына арналған жатақхана, СПИД-пен күрес және алдын алу орталығы, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау зертханасына жалғама (Мақат), Нұрсая мен Көкарна ықшамаудандарындағы электрмен қамту желілері. Бұдан басқа, шетелдік компаниялардың қатысуымен Нұрсая ықшамауданы мен Мақат поселкесінде балабақшалар, Атырау қаласында 80 кісілік психиатриялық аурухана салынып, облыстық балалар ауруханасына күрделі жөндеу жүргізілетін болады.

 

Басым бағыттар - 2012: жолдар

«Облыс бюджетінде қиындықтар болмайды деп ойлаймын, - деді облыс әкімі. – 2012 жылы «Теңізшевройл» компаниясының үшінші тынысты зауытының және мұнай-химия кешенінің құрылысы басталмақ. Осы жобаларға, болжам бойынша, 15-16 мың адам жұмылдырылатын болады. Бұл облыс бюджеті қосымша 10 млрд теңге алады деген сөз».

2012 жылғы басымды қызмет бағыттарының қатарына облыс әкімі көлік жолдарының құрылысын атап өтті. Ол осы проблеманы шешу үшін шамамен 100 млрд теңге қажет екенін мәлімдеді. Келер жылы Құрманғазы, Исатай, Махамбет, Жылыой аудандарының елді мекендеріндегі шығар жолдарды және ішкі көшелерді күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Индер және Қызылқоға аудандарындағы жолдар одан кейінгі жылдары жөнделетін болады.

 

Іргетас берік болса, өмір сүруге болады

2011 жылы баспана құрылысын қаржыландырудың қысқартылуына байланысты облыста жоспарланған 2,5 мың пәтердің орнына тек 1,5 мыңы ғана салынды.  2012 жылы тағы 1 000 пәтер, әрі қарай жыл сайын 2-2,5 мың пәтер салынатын болады.

«Таяу уақытта жаңа пәтерлерге тозығы жеткен және апатты үйлердің тұрғындары қоныстанады. Осылайша, ескі үйлерді күреу бағдарламасын жүзеге асыру аяқталмақ, - деді Б. Рысқалиев. – Соңғы 5 жыл ішінде апатты жағдайдағы 60-тай үй күрелді. Осы үй тұрғындарына 700-дей пәтер бөлінді. Жуырда тағы 55 үйдің тізімін ұсынды, оның тұрғындарына тағы 600 пәтер беру керек. Осы тізімнен мен шынымен де апатты жағдайда тұрған 25 үйді таңдадым. Егер іргетасы мықты болса, үйді күреп қажет емес деп есептеймін. Одан да ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізген тиімді болады».

Соңғы екі жыл ішінде Атырауда 200 бақылау камерасы орнатылды. Облыс әкімінің айтуынша, келесі жылдың бірінші тоқсанында тағы 319 камера орнатылатын болады.

Ауыл шаруашылығындағы 20-дан астам жобаны қаржыландыруға облыстық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінбек. Құны 1 млрд 257 млн теңге болатын жылыжай мен көкөніс сақтау қоймасының бірінші кезегі пайдалануға берілді. Жақын күндері құрылыстың екінші кезегі аяқталды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

13 желтоқсан 2011, 17:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.