Түркияның шалғай елді мекенінде тұратын тұрғын әкімшіліктің назарын аудару үшін поселке жолындағы шұңқырларға ағаштардың көшеттерін отырғызыпты (суретте). Атыраудағы кейбір жолдарға осы принцип бойынша тұтас аллея отырғызуға болады.
Әсіресе Әлиев пен Владимирский көшелеріне. Асфальттағы ауқымды ойықтар көлік иелерін жол қозғалысы ережелерін бұзуға итермелейді. Әдетте, осындай «тығыз» учаскелерде үнемі кептелістер туындап, соның салдарынан жол-көлік апаты жиі орын алады.
Владимирский көшесіндегі жолдың жағдайы қала тұрғындарының ерекше наразылығын тудырды. Бұл жолдың шұңқырларына өткен жазда жөндеу жүргізілген болатын. Қабаттарға құйылған битум бірер ай да шыдамастан алынып қалды. Бірнеше ай өткен соң бұл көшеге жөндеу жүргізілгендігіне сену мүмкін емес еді.
Тапсырыс беруші – қалалық әкімдікке де жүргізілген жұмыс сапасы ұнамай, орындаушыға талап қойған. Бұл қалалық ТКШ бөлімінің басшысы Өмірбек КАМАЛОВПЕН телефон арқылы тілдескен кезде белгілі болды:
– Жұмыс атқарушы – «Алматыинждорстрой» компаниясы – келісімшартқа сәйкес, өз қаржысы есебінен қабаттарды қалпына келтіретін болады. Өйткені кепілдендірілген қызмет ету мерзімі 2 жыл, ал бұл уақыт әлі өткен жоқ. Компания міндеттемеден бас тартып отырған жоқ. Ол жұмысқа өткен демалыс күндері кіріседі деп жоспарланған еді. Алайда синоптиктер жаңбыр болатындығы туралы ескерту жасады. Біз өзара келісіммен бұл мерзімді кейінге шегердік.
Жабын қабаты сапасының нашар болуы - жөндеу жұмыстары үшін қолданылған қазақстандық битумның стандартқа сай келмеуі деп сендіреді жолшылар.
- Мен 18 жыл жол құрылысы саласында еңбек етіп келемін. Біздің 2005-06 жылдарға дейін салған жолдарымыз сол күйі тұр. Бірақ содан кейін бізді үкімет қаулысымен Ақтау мұнай-битум зауытынан битум алуға мәжбүрледі. Содан соң бізде проблема басталды, - деді телефон арқылы «Атырауинждорстрой» ЖШС директоры Бөлек ӘЛМЕНБАЕВ. – Бір жыл бойына «ҚазжолҒЗИ» арқылы осы зауыттың өкілдерімен хабарласып, стандарттарға сай келмейтіндігін растайтын үлгілерді жолдадық, түрлі көрсеткіштер бойынша жарамсыздығын зерттеу жұмыстарын төлейміз, жазамыз... Біздегі адамдар да, техникалар да сол. Битумға қатысты проблема бізде ғана емес, мысалы, Ақтөбеде де осы проблема орын алып отыр.
Владимирский көшесінен (Сәтпаевтан облыстық ауруханаға дейін) басқа, «Атырауиждорстрой» өзінің кепілдік міндеттемелеріне сәйкес, Студенческий даңғылы мен теміржол вокзалы маңындағы жол учаскесін жөндейді.
Негізгі маңыздағы басқа да көшелер жөнделуі тиіс. Бірақ оларды басқа мердігер жөндейді. Қалалық ТКШ бөлімі жариялаған тендерді «Қазақавтожол» РМК жергілікті филиалы ұтып алды. Ол осы айда жұмысқа кіріседі. Ал көшелер тізімін кейінірек ұсынуға уәде берді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген автор