Атырау, 29 қараша 03:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Сол күні Жер Кодексіндегі өзгерістерге қарсы митинг Құлсарыда да өтті

5 597 просмотра

24 сәуір күні күндіз Атырау облысы Құлсары қаласының орталығында да ҚР Жер кодексіндегі өзгерістерге қарсы рұқсат етілмеген митинг өтті. Оған үш жүздей адам қатысты.

Орталық алаңға келген олар жердің шетелдіктерге 25 жылға жалға берілуіне наразылықтарын білдіріп, «Жер үшін жан пида», «Жер қазақтың еншісі», «Оян қазақ, Тәубеңе кел билік» деп жазылған плакаттар алып шықты. Митинг бес сағатқа жуық созылды.

Біз құлсарылық қоғам белсендісі Тұрар ШАПҚАРАМЕН тілдестік. Оның айтқаны мынау:


- Жиынға аудан әкімінің міндетін атқарушы Жәрдем АХМЕТОВ және құқыққорғау органдарының басшылығы келді. Құқық қорғаушылар митингі өткізу жөнінде рұқсатты он күн бұрын алу қажеттігін айтып, бұл заңсыз екенін алға тартты. Бізге рұқсат етпейтінін білеміз, себебі облыс орталығында да рұқсат бермеді. Шетелдіктерге жерді жалға беру заңды ма, неге халықпен санаспайды деп тұрып алдық. Осылайша біз өз қарсылығымыз бен наразылығымызды білдірген едік. Митингіге келгендердің бірде-бірі шу көтерген жоқ, тәртіп бұзушылық жасаған жоқ, барлығы бейбіт түрде өтті.

Кейін белсенділерді аудан әкімінің міндетін атқарушы өз кабинетіне шақырды. Сол жерде аудан әкімі атына хат жазып, Жерге қатысты хадлықтың наразылығын жоғарыға жеткізуге және бұл хатқа жауап күтетінімізді айтып хат жаздық.

Қазір мемлекет басшысына атына ашық хат жазып, соған қол қойдыру жүріп жатыр. Әкімшілік пен құқық қорғау органына бұл митингі осымен бітпейтінін, талабымыз орындалмайынша жалғасып отыратынын ескерттік. Жылыой ауданында 80 мыңға жуық халық тұрады. Біз де өз үнімізді білдіруіміз керек.

Естеріңізге салсақ, сол күні, 24 сәуірде Атырауда Исатай мен Махамбет алаңында тап осы талаппен мыңдаған адам жиналған митинг өткен болатын.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

25 сәуір 2016, 15:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.