Атырау, 30 сәуір 17:05
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +17
$ 441.44
€ 473.09
₽ 4.75

Экс-полицейдің ісі: "Мен тергеушілерге өтірік айттым..."

Сурет
4 573 просмотра

Сотталушы Манарбек ӨТЕУОВАтырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында Дмитрий КИМДІ өлтірді деп айыпталған экс-полицей Манарбек ӨТЕУОВТІҢ қылмыстық ісін қарау жалғасуда.

22 сәуірде сотта сотталушы Өтеуовтен жауап алу жалғастырылды.

Естеріңізге салсақ, алдыңғы сот отырысында Өтеуов бұрынғы берген жауаптарынан бас тартқан болатын («Экс-полицейдің ісі: қылмыскер жауабын өзгертті»). Жауаптарды салыстыру үшін одан 2016 жылдың қаңтарында арнайы прокуратурада алынған жауап алу бейнежазбасы көрсетілді. Бейнежазбада Өтеуов алдыңғы сот отырысында берген жауаптарына ұқсас жалған қызметтік куәлік дайындау, жалғыз жүрген әйелдерді тонау және Кимді өлтіру хикаяларын әңгімелеген. Тек бір айырмашылығы - ол өзі мен Құрбанбаевқа кімді тонау және өлтіру керектігі бәрібір болғанын, тек сол күні олардың жолдарына Ким тап болғанын айтыпты. Әрі қарай ол басшылығының оны жауапкершіліктен босатуға уәде еткенін, алайда сөздерінде тұрмағандарын айтты.

Өтеуов прокурор мен адвокаттардың сұрақтарына жауап берді.

- Кеше сіз пәтеріңізде асүйде отырғаныңызды, Құрбанбаевтың сізге Дмитрий Кимді нысанаға алуды айтқаны туралы жауап бердіңіз. Ал енді Кимді еңбек демалысына шықпақ болып, ақшаға қатты мұқтаж болғандықтан өлтіргеніңізді айтып отырсыз. Шындығы қайсысы?

- Мен қаңтарда жауап берген кезде басшылығым менің тарапыма айтылған қоқан-лоққыны орындайды деп қорқып, өтірік айттым.

- Кимді өлтіру кімнің бастамасымен жасалды?

- Мен өлтірейік дедім, Құрбанбаев келісті.

Сотталушы Асан ҚҰРБАНБАЕВ- Құрбанбаев өз жауабында сіз кісі өлтірген жерге келгенде Кимге:"мен полицей емеспін, мен рекетир, бандитпін" дегеніңізді айтты. Осылай болды ма?

- Мен олай деген жоқпын.

- Ол Кимге бірінші пышақ жарақатын сіз салды деді...

- Жоқ, мұны Құрбанбаев жасады, өйткені біз солай келістік. Біз Кимді екеуміз өлтірдік.

- Сіз кісі өлтіру қылмысы болатындығы туралы басшыңыз ҚАБДЕШЕВ білді дедіңіз. Олай болса, өзіңіз айтқандай, алиби бен ұрлыққа дайындалу: медициналық қолғап пен демперде сатып алу не үшін қажет болды?

- Мен өз басшылығыма сендім. Мені қандай жағдай болса да құтқарады деп ойладым.

- Ал бұрын ол (Қабдешев) сізді басқа қылмыстар жасаған кезде құтқарды ма?

- Иә, тек бұрын кісі өлтіру жағдайлары болған жоқ.

- ТАҒАНИЯЗОВ пен Қабдешев сізді қорғауға уәде берді ме?

- Иә, мен оларға сеніп, олар маған көмектеседі деп ойладым.

- Олар тергеу изоляторына қалай кірді?

- Оп-оңай. Олар кешке прокурордың кеткенін күтіп, ішке кірді.

- Қай жерде кездестіңіздер?

- Бастапқыда оларға шығудан бас тарттым. Содан кейін режимдіктер олардың келгендігі туралы ескертпейтін болды, мені бос тұрған көршілес №5 камераға шығарып жіберді. Кейін олар сол жерге кіріп, менімен сөйлесті. Мен бұл туралы прокуратураға арыз жаздым.

- Сотқа тергеу изоляторының басшысы куәгер ретінде келген кезде, сіз неліктен осындай өрескел заң бұзушылықтар болғанын айтпадыңыз?

- Мен бас прокуратураға арыз жаздым, тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл сотта мені тергеу қызметкерлеріне қарсылық көрсетті деген эпизод қарастырылуда. Ал бұл бөлек іс.

- Бейнежазбада тіркелген жауаптарда сіз демалу үшін ақшаның қажет болғандығы сізді кісі өлтіруге итермеледі деп түсіндірдіңіз. Ал жауапты тексеру кезінде сол жерде Құрбанбаевтың өзі сізге келіп жүгінгенін, өйткені Ким одан 100 мың теңге алып, қайтармай жүргенін айттыңыз.

- Мен өтірік айттым. Басшылығым мені құтқарады деп сендім. Мені басшылығым жаңылдырды - олай деме, бұлай де деп. Менің кешегі берген жауаптарым - дұрысы.

- Сіз тергеу ісіне көрінеу жалған жауап бердіңіз бе?

- Иә, көліктегі кісі өлтіру көрінісінен басқасын.

- Сіз Ким туралы қашан білдіңіз?

- Шілденің аяғында.

- Демек, оны бақылауға алдыңыз ба?

- 3 тамызда біз оның үйінің жанында бақылау камерасы бар-жоғын әдейі тексеріп алдық. 4 тамызда түске дейін оны бақыладық.

Михаил КАН, Кимнің немере ағасы:

- Дима әдетте жұмысқа сағат 9-да шығатын, таксимен бармайтын еді. Таңертеңмен Геолог поселкесіндегі дүкенге барады. Сол жерде сағат 14-ке дейін болады, сол жерде түстенетін. Содан кейін "Дина" базарына шығатын. Бұл жерде бір нәрсе байланыспай тұр...

… Сот отырысы барысында Өтеуов Құрбанбаев пен Кимнің телефондарындағы қоңырауларды тексеру туралы өтініш берді. Судья қабыл алмады, өйткені қылмыстық істе бұған тексеру жүргізілген. Аталмыш тұлғалар арасында байланыс болмаған.

- Телефонды тексеру емес, 2015 жылдың 5 тамызында Кимнің қай жерде болғанын анықтау, - деп түзетті Өтеуов.

Судья бұл өтінішті қараусыз қалдырып, жиналған іс материалдарына сүйеніп, сотталушылардың әрекеттеріне баға беретіндігін мәлімдеді.

Жаннат ЖҰПАРОВА, М. Канның жұбайы:

– Өтеуов "Дина" базарына келген кезде Құрбанбаевтың телефонын өз көлігінің бардачогына тығып тастағанын, ал кері келген кезде Құрбанбаевтың біреуге қоңырау шалғанын көргенін айтты. Ал іле-шала Дмитрий келеді... Мен Кимнің телефонындағы тексерілген қоңыраулар тізімін ұсынуды сұраймын. Өйткені, бұл хикаяның бастауы жоқ. Мәлімет беруші кім? Сотталушылар біз және Ким туралы қайдан білген? Мен Құрбанбаев Димаға қоңырау соғып, сол жерге шақырған деп ойлаймын. Менің Өтеуов пен Құрбанбаевқа сұрағым бар: біз бен Дима туралы қайдан білгендеріңізді неге айтпайсыздар? Құрбанбаев, бәлкім, көліктен Диманың құжаттары салынған сөмкені сен ұрлағаннан басталған шығар? Немесе бұл Кимнің төлқұжаты жоғалғандығы туралы арыздың ІІБ-ге түсуімен байланысты ма? Өйткені біреу Димаға қоңырау соққан ғой...

Құрбанбаев егер мен бұрын Кимді білген болсам, Ішкі қауіпсіздік басқармасына (ІҚБ) қылмыстың әзірленіп жатқандығы туралы хабарлайтын едім ғой,- деп жауап берді.

Өтеуов жасыратын ештеңесі жоқ екенін, ол онсыз да бәрін мойындағанын айтып:

- Құрбанбаевты дұрыстап қыспаққа алыңыздар. Ол ІҚБ қызметкерлері туралы бәрін айтып береді, -деп қосып қойды.

Судья Гүлмира ДӘУЛЕТОВА Жұпарованың өтінішіне жауап берді:

- ҚР Қылмыстық іс жүргізу процесінде қосымша тергеу қарастырылмаған. Бізге іс қалай түссе, біз солай қараймыз.

Сот отырысы барысында Өтеуов Құрбанбаевқа тағы бір сұрақ қойды:

- Сіз бірде маған өз жеріңізде адам саудасы бойынша қылмыстық іске қатысыңыз болғандығын айтқан едіңіз. Атап айтқанда, туысыңызды 10 жылға түрмеге отырғызғаныңыз туралы айттыңыз.

Құрбанбаев мұның жалған екенін айтты.

Сондай-ақ, 22 сәуірдегі отырыста процесске қатысушыларға қылмыстық іске біріктірілген заттай айғақтар: қан іздері бар "Лексус" көлігінің артқы орындығы, сейфті бұзуға қолданылған багай, Кимнің мүрдесін көмуге қолданылған күрек, Өтеуовтің барсеткасы, қылмыстан кейін Өтеуовтің көлігін жуған көлік жуу орнындағы тіркеу кітабы, сотталушылардың ұялы телефондары, қолкісен, газ тапаншасының сабы, Нұрсая ықшамауданындағы Өтеуовтің пәтерінен алынған кастет, "Лексус" көлігінен алынған жалған мемлекеттік нөмір, Өтеуов дайындаған ІІБ қызметкерінің жалған куәлігі, сотталушылар мен марқұмның киімдері көрсетілді.


Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор



23 сәуір 2016, 16:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.