24 сәуір күні сағат 14.00-де Исатай-Махамбет алаңында жерді сату мен жалға беруге қарсы митинг өткізу үшін қоғам белсенділері Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯН өтінімді заң бойынша 10 күн бұрын жолдаған болатын.
Өзінің Фейсбуктегі парақшасына Т.Аян былай деп жазды: «Бүгін (18 сәуірде) митинг өткізуге берген өтінімімізге қатысты әкімдікке шақыртты (1,7 млн га жер жеке меншікке, тағы 1 млн га шетелдіктерге 25 жылға жалға берілгелі жатыр). Кездесуге қала әкімінің орынбасары, жер бөлімінің жаңа басшысы, ішкі саясат, құқық бөлімдерінің жетекшілері қатысты. Қысқаша айтсам, Исатай-Махамбет алаңында митинг өткізуге рұқсат бере алмайды екен. Өз кезегімде мен «Ландыш» дүкенінің жанындағы бос алаңды беруді сұрадым, себебі, мен және ниет білдіргендер басты алаңға жиналатын боламыз. Жер туралы сөйлестік, жер басқармасының басшысы Атырауда сатылатын және жалға берілетін жерлер әзірге дайын емес екенін айтты. Құқық бөлімінің басшысы митингтің орнына өздеріне, депутаттарға үндеу жазуды ұсынды, олар оны Астанаға жібереді, сол жерде қарастыратын болады. Мен заңды парламент қабылдағанын, ешқандай үндеудің пайдасы болмайтынын айттым. Бейбіт митинг үндеулерден гөрі мейлінше тиімді болатынын, бұған дейін де тарифтерді көтеруге қарсы митинг өткізген тәжірибеміз барын еске салдым. Әкімшілік жауапкершілік туралы ескертті – бәрін де түсінетінімді, бәріне дайын екенімді, себебі, бұл өте маңызды мәселе екенін және оған көз жұма қарауға болмайтынын мәлімдедім. Жауап көрсетілген мерзімнен бес күн бұрын берілуі тиіс, меніңше, рұқсат бермейтін сияқты».
Дәл солай болды. Телефонмен сөйлескенімізде Т.Аян шетелдік үлесі 50 пайыздан асатын компанияларға жер 25 жылға жалға берілетіні, ал, шетелдік үлесі 50 пайыздан төмен компанияларға, тіпті, сатылатыны туралы айтылған Жер кодексінің 24-бабын алып тастауды талап етіп отырғандарын айтты. Ол жер сатуға түбегейлі қарсы:
- Қазақстан азаматтарына 49 жылға дейін жерді жалға беру нормасы бұрыннан бар. Ауыл шаруашылығын дамытқысы келетіндер үшін бұл мерзім жеткілікті, себебі, ҚР азаматтары үшін жерге меншік құқығын енгізу қателік деп есептеймін. Ал, шетелдіктерге бергені қалай? Кейін оларды бұл жерден кім қуып шығарады?
Әлеуметтік желілерде Аян және жолдастары аталған жерде дәл сол уақытта митингтің орнына флешмоб ұйымдастыруды ұсынып отыр.
Айнұр САПАРОВА