Құрманғазы ауданының тұрғыны бірнеше рет ел шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын алды.
Бұдан бұрын сот оған алимент төлеу бойынша бережағы болғаны үшін Қазақстаннан шығуға уақытша шектеу қойған болатын. Осыған қарамастан ол 2013 және 2014 жылдары мемлекеттік шекараны әлденеше рет кесіп өткен. Соңғы рет - 2015 жылдың жазында: ол Атырау қаласынан Құрманғазы ауданының Котяевка селосына келеді. Қиғаш арқылы жүзіп өтіп, шекаралық белгіні айналып, РФ-нан бір шығады. Нәтижесінде ер адамды шекарашылар "Киев - Астана" бағытындағы пойыздан ұстайды.
Сотта ол өз кінәсін мойындап, алименттен бережағы болғандықтан өзіне елден шығуға тыйым салынғанын, сондықтан шекараны заңсыз кесіп өткенін, өйткені осылай етуге мәжбүр болғанын: Украинада жүрек ауруына шалдыққан кіші қызы тұратынын түсіндірді. Сотталушы осы жағдайларды ескеріп, қатаң жаза бермеуді өтінді. Құрманғазы аудандық сотының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, ол ҚР ҚК-нің 392-бабында ("ҚР Мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту") қарастырылған қылмысты жасауда кінәлі деп танылып, 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын алды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА