19 сәуірде ҚР білім және ғылым министрінің бұйрығымен Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік универсиетінің ректоры болып Абзал ТАЛТЕНОВ тағайындалды.
Бұған дейін ректордың міндетін тарих ғылымдарының докторы Бақыт ЖӘУТІКОВ атқарып келген болатын.
Абзал Ахатұлы Талтенов 1972 жылы Махамбет ауданы Чкалов ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Индербор кентіндегі орта мектепті күміс медальмен тәмамдайды. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің химия факультетін бітіреді, кейін сонда аспирантураға түседі. 1997 жылы химия ғылымдарының кандидаты, 2007 жылы химия ғылымдарының докторы атанады. 1998 жылдан бастап ҚР БҒМ жанындағы республикалық ғылыми-практикалық «Дарынә орталығында бас маман, кейін директордың орынбасары қызметтерін атқарады. 2000-жылдардың басында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, 2008-2011 жылдары Семей мемлекеттік педагогикалық институтының бірінші проректоры болып жұмыс жасайды. 2012 жылдан 2016 жылдың сәуіріне дейін Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің оқу ісі бойынша проректоры қызметін атқарды.
2006 жылы ҚР жаратылыстану ғылымдары Академиясының корреспондент мүшесі, 2009 жылы ҚР педагогикалық ғылымдар академиясының академигі болып сайланған.
Айнұр САПАРОВА